Жасанды интеллект әлем экономикасын өзгертетін негізгі технологиялардың біріне айналды. Соңғы бес жылда осы салаға қатысты патенттердің үлесі шамамен үш есе өскен.
Бұл технологияның қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл туралы Ақордада өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында Мемлекет басшысы айтты. Жиында өнеркәсіпті цифрландыру мәселесі талқыланды. Президенттің айтуынша, жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттырып, өндірісті жаңғыртуға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы кәсіпорындардағы цифрландыру жұмыстарының әлі де жүйесіз жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар өндірісті басқару жүйесіне тікелей енгізілуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Qazaq AI Research University жоғары санатты мамандар даярлайтын орталық қана емес, қолданбалы зерттеулер жүргізілетін жетекші алаңдардың бірі болуға тиіс. Оның бүкіл ғылыми-зерттеу бағдарламасы экономикалық дамудың нақты қажеттіліктеріне бейімделуі керек. Бұл үшін өнеркәсіп саласындағы жасанды интеллектіге қатысты өзекті міндеттер тізімін жаңартып отырамыз. Аталған істе бюрократияға жол беруге болмайды. Мұндай міндеттерді өндірістің алдыңғы шебінде жүрген инженерлер, технологтар, шеберлер мен операторлар анықтауы қажет. Қай жерде шығын барын, қандай құрылғы тоқтап тұрғанын, қай тұста олқылықтар орын алып, қатерлер пайда болғанын осы мамандар біледі. Осылайша, басшылық өндірістегі проблемадан жан-жақты хабардар болады. Ал бұл, өз кезегінде, жасанды интеллектіні қай жерде, қалай пайдалану жолын белгілеуге көмектеседі. Qazaq AI Research University, сондай-ақ басқа да университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары осы тізімді басшылыққа алуға тиіс. Сонда ғана ғылым мен өндіріс арасында тікелей байланыс орнайды. Үкіметке ұлттық компаниялармен және жеке бизнеспен бірге индустриядағы өзекті ЖИ-міндеттерді айқындау және ұдайы жаңарту тәртібін әзірлеуді тапсырамын.
Тегтер #24KZ #Қасым–Жомарт Тоқаев #жасанды интеллект #кеңес отырысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz