Ақмола облысында мемлекеттік колледж студенттері қосымша табыс тауып отыр.
Өңірдегі 25 колледжде шағын шеберхана ашылған. Онда студенттер түрлі өнім өндіріп, нарыққа шығарады. Ал түскен қаржы оқу ошағының техникалық базасын нығайтуға және студенттердің жалақысына жұмсалады.
Дәурен Зарапов техникалық колледждің соңғы курсында оқиды. Мамандығы дәнекерлеуші. Ол курстастарымен бірге қоқыс салатын жәшік құрастырып жатыр. Тапсырыс берушінің қалауына қарай, түрлі көлемде жасайды. Былтыр да темірден біраз бұйым соғып, табыс тапқан.
Дәурен Зарапов, студент:
- Иә, былтыр колледжге тапсырыс келген. Орындық, лавочкалар істеуге. Барлығын әдемі қылып істеп бердік. Колледж оны сатып, бізге степендияның үстінен ақша қосып, айлық ретінде берді. Өзімізге оңай, өте ыңғайлы.
Әулие Хивдат, колледждің өндірістік оқу шебері:
- Бұл жерде 6 бала дайындалады бір мезетте. Одан артық адам кіргізбейміз. Өйткені, техникалық қауіпсіздік бізде өте қатаң сақталады. Дәл қазіргі сәтте біз қоқыс жәшіктерін дайындап жатырмыз. Оны мысалы түсіндіреміз. Сызбасын береміз. Сызбасы арқылы түсіндіріп, көрсетеміз. Әрі қарай өздері жинай береді.
Колледжде құрылыс материалдары да дайындалады. Студенттер түрлі жиһаз құрастырады. Дайын бұйымдар шағын кәсіпорындардан бастап, ірі оқу ошақтары мен мәдениет нысандарына да жеткізіледі.
Донат Вырыпаев, студент:
- Цехтағы қондырғылардың бәрі автоматтандырылған. Жұмыс істеуге өте ыңғайлы. Қазір біз мәдени нысанға арнаған жиһаз құрастырып жатырмыз.
Колледж өңірдегі 55 кәсіпорынмен әріптестік орнатқан. Солардың тапсырысы негізінде өнімнің 230 түрі өндіріледі.
Нартай Ыбыраев, жоғары техникалық колледж директорының орынбасары:
- 2025 жылдың қортындысы бойынша колледж 170 млн теңгеден астам қаражат тапты. Биылғы жылдары сол қарқыннан таймаймыз. Сол жиһаз өңдірісі, дәнекерлеу қызметі мен металл өңдеу жұмыстаырымен қызмет көрсету серіктестерімен келісім шартқа қол қойылды. Шағын кәсіпорын негізінде жұмыс істеп жүрген студенттер жұмыс көлеміне байланысты 50 мың теңге мен 80 мың теңгенің аралығында болады.
Соңғы жылдары облыста дуалды оқыту бағдарламасымен білім алып жатқан студент көбейді. Мәселен, 6 мыңға жуық студент оқи жүріп өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Ол үшін 24 білім ошағы 800-ге жуық кәсіпорынмен арнайы келісім жасаған. Бұл студенттер үшін тәжірибе болса, серіктестіктерге қажетті кадр алуға мүмкіндік береді.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #Ақмола облысы #колледж #студент #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz