Ауылда мал баққан шаруалар үшін жағымды жаңалық.
Мал шаруашылығын дамытудың жаңа кешенді жоспары аясында асыл тұқымды мал сатып алуға, сондай-ақ шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту мақсатына 6%-дық жеңілдетілген несие беріледі. Айналым қаражатына 5%-дық жеңілдетілген несие беру бағдарламасы кеңейтіледі. «Жаңа қолдау шаралары осы айда іске қосылады», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері.
Алматы, Ақмола, Түркістан облыстары ет өндірісінен көш бастап тұр. Былтыр ел бойынша өндірілген 1 млн 200 мың тонна еттің барлық түрінің 40%-ы осы үш аймаққа тиесілі. Айтпақшы, осы айдан бастап асыл тұқымды мал өсірушілер мен шалғайдағы мал шаруашылықтары үшін 6%-дық жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылады. Ет өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары жайында құзырлы министрліктің Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Қайрат Көшенов айтып берді.
Қайрат Көшенов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:
- Ет өндірушілерге олардың өсірген малын бордақылау алаңдарына, ет өңдеу кәсіпорындарына тапсырғаны үшін субсидия бар. Шамамен 30 млрд теңгедей жыл сайын қарастырылуда. 20-25%-ын құрап отыр субсидиялардың жалпы бөлінген. Жылдан жылға әрине, мал басының өсімі бар. Сол себептен қажеттілік те өсуде. 2025 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 87 млрд теңге бөлініп, игерілген болса, биыл шамамен 120 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл көрсеткіш тағы да өседі деп санаймыз, шамамен 130 млрд-қа дейін жеткізуіміз керек биыл.
Қазақстан қой еті экспортын екі есе арттырды
Былтыр Қазақстан қой етінің экспортын екі есе арттырды. Ірі қара мал еті 1 жарым есе ұлғайды. 2025 жылы барлық түрін қоса алғанда жалпы 100 мың тоннадай ет сыртқы нарыққа жол тартты. Бұл – алдыңғы жылға қарағанда 18 мың тоннаға артық. Иә, құзырлы министрлік өкілдері ет экспорты жыл сайын артып келе жатқанын жеткізді. Негізгі экспорт бағыттары: Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, БАӘ болса, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан бізден құс етін алады. Сонымен қатар Қазақстан жыл сайын 160 мың тоннадай етті импорттайды.
Оралда киік етінен консерві шығарыла бастады
Ал Батыс Қазақстан облысында киік еті өңделе бастады. Орал қаласындағы жергілікті комбинат тәулігіне 16 мың дана бұқтырылған киік еті консервісін дайындап шығарады. Оны дайындаудың ұлттық стандарты 2023 жылы қабылданған. Алайда содан бері киік етін ірі көлемде өңдегендер жоқтың қасы болып отыр. Оралдық зауыт осы олқылықтың орнын толтыруға ниетті. Ғалымдар киік еті ақуызға бай екенін айтады.
Зәуре Берекешова, ет өңдеу зауыты директорының орынбасары:
- «Охотзоопроммен» келісім-шартқа отырып, былтыр күзде киік төшкелерін қабылдадық. Өндірістік желі тоқтаусыз жүруі үшін әуелі қажетті мөлшерде шикізатты жинап алғымыз келді. Қазір бұқтырылған киік етін сатуды бастадық. Бір қалбырдың салмағы 330 грамм. Алғаш шығып жатқандықтан жаңа өнімді нарық пен халықтың қалай қабылдауы біз үшін аса маңызды.
Қайсар Қошалиев, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор:
- Ауыл шаруашылық жануарларына қарағанда киік етінде Д5 витамині бес есе жоғары. Сосын майы аз. Майын пайызға салып көрсек, 9-12%-ға дейін жетеді. Ал ақуыз 22%-ға дейін. Сондықтан киік етін диеталық жағынан қарағанда зат алмасу процесіне өте жағымды болады.
Бұл іс неге қарқын алмай тұр? Киіктің етін өңдеу, экспортқа шығару жағынан потенциалымыз бар деп сарапшылар жиі айтады. Расымен, кейінгі үш жылдан бері мемлекет киіктің санын реттеп жатыр. Ресми дерек бойынша қазір елде 4 млн-нан аса киік бар. Ақбөкенді қолға үйрету ғылыми патенттерінің авторы, заң ғылымдарының кандидаты Мадияр Аймырзаұлының пікірін тыңдадық.
Мадияр Әлжаппар, ақбөкенді қолға үйрету ғылыми патентерінің авторы, академик:
- Біз қазір киіктің етін өңдеу мәселесін қарастырып жатырмыз ғой. Мысалы, 2023 жылы Экология министрлігі 300 мың бас киікті табиғаттан аламыз деді. Мемлекеттік реттеу бағдарламасына сәйкес табиғаттан алынғаны 30-40 мың ғана бас. Жоспардың 10%-ы ғана. 2025 жылы 800 мың басты үкімет реттеп алу керек еді. Алынғаны 196 мың ғана. Ол жерде логистика болмай жатыр. Далаға цехтарды қою мүмкіндігі болмай жатыр. Рефрежераторлармен қамтамасыз ету мәселесі шешілмей жатыр. Сондай-ақ еткомбинаттардың саны да жетіспей жатыр.
Ауланған киіктің етін тұтастай сатқаннан гөрі заманауи әдіспен терең өңдеуге көшу тиімді. Ғалымдарымыз киік санының тек 10%-ын реттеумен көп мәселені шеше алмаймыз деген пікірде. Киік санының көптігі ауыл шаруашылық саласы үшін де экологиялық қиындықтар туғызатынын атап өтті.
Мадияр Әлжаппар, Ақбөкенді қолға үйрету ғылыми патентерінің авторы, академик:
- Қазір нарықтағы бағасы соңғы кезде 1800-ден 2400-ге дейін барды. Ол реттеуден алынған киік етінің бағасы. Сиыр, жылқы етінен екі есе төмен болғандықтан және ол – таза ақуыз. Егер естеріңізде болса, Кеңес Үкіметі кезінде Францияға экспортқа жіберіп отырған. Бұл деген – үлкен валюта, мемлекеттің бюджетін толтыруға деген, киіктің етін егер терең өңдеп экспортқа шығаратын болсақ, мүйізін экспортқа шығаратын болсақ, ол бюджет үшін жақсы.
Тегтер #ет өндірісі #ауылшаруашылығы #мемлекеттік қолдауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz