Даланың дәмі елордаға жетті.
Астанада Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ең бастысы - баға базардан біршама арзан.
Күз - қырман мен қамбаның бүйірі толып, елдің ауызы даланың дәміне тиетін кез. Түздегі төрт түлік семіріп, жұрт соғымын сайлайтын сәт. Осы кезде елдің түкпір-түкпірінде жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Әдеттен жаңылмай, қолжетімді бағадағы өнім елорда жұртшылығына да ұсынылды.
Алтынбек Әлжанов, Ақтөбе облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Ақтөбе облысынан 250 тоннаға тарта ауыл шаруашылығы өнімдерін алып келдік. Негізінен біздің өңірден келген ет, сүт өнімдері, оның ішінде тәттілеріміз бар. Осы тұрғанда 70-80 түрлі өнім алып келдік біздер.
Бас-аяғы 400 тонна өнім жәрмеңкеге қойылды. Оның 250 тоннасы Ақтөбе аймағынан әкелінсе, қалғаны Шығыс Қазақстан облысы өндірушілерінің өнімі.
Дамир Мамиев, ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- ШҚО атынан өндірушілер 150 тонна ауыл шаруашылығы өнімін әкелдік. Оның ішінде 60 тонна әлемге танымал бал және 25 тонна күнбағыс майы, 10 тонна сүт өнімдері. 15 тонна ет өнімдері мен қымыз, ұлттық тағамдар әкеліп отырмыз.
Батыс пен шығыстан келген қай өнімнің де өтімі жоғары. Оның ішінде бұқараның балға деген сұранысы бөлек. Бүгін алушыларға 60 тонна табиғи өнім ұсынылды.
Бекболат Әбежан, омарташы:
- Балдың құрамы адамның қанындағы құраммен бірдей екен. Балдың Қатон-Қарағайда біраз түрі бар. Ол адамның күш-қуатын жақсы көтереді. Барлық нәрсеге пайдалы.
Ең бастысы мұндағы баға базардан біршама төмен. Нарықтан 15-20 пайызға арзан сатылды. Ұйымдастырушылар осылай дейді. Оны халықтың өзі де айтты.
Жәрмеңкелер легі келесі апталарда да жалғасын табады. Алда Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары өз өнімдерін саудаға салады. Содан соң Солтүстік Қазақстан, Павлолар, Ұлытау облыстарының өнімі ұсынылады. Ал қазан айының аяғында Астанаға Қарағанды, Қостанай аймағының азық-түлігі әкелінеді.
Шернияз Жалғасбекұлы, Диас Қобланбаев
Тегтер #Ақтөбе облысы #жәрмеңке #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz