ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қалалық кеңесінің отырысында қаланы дамытудың алдағы 30 жылға арналған жоспары қаралды, деп хабарлайды «24KZ».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында Алатауды қарқынды дамитын қалаға айналдырып, инвестициялар мен кәсіпкерлік үшін қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өткен болатын.
Осы бағытта әзірленген ұзақмерзімді жоспар қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Құжат халықаралық Arup компаниясының сарапшыларымен бірлесіп дайындалған.
Отырыста Алатаудың арнайы құқықтық режимін қалыптастыруға арналған екі нормативтік құжаттың жобасы да талқыланды. Олар құқықтық реттеудің ашықтығын қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қаланың Реттеуші комиссиясын жасақтау, жер ресурстарын басқару, құрылыс жобаларын сүйемелдеу және халық пен бизнеске «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету мәселелері қаралды.
Жиын қорытындысында Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруды жеделдетіп, Алатауды дамытудың стратегиялық міндеттерін белгіленген мерзімде жүзеге асыруды тапсырды.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Алатау қаласы #Жолдау2026 #үкіметPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz