Францияда жылқы етін тұтыну көлемі кеміді. Салалық институттардың дерегіне сәйкес, соңғы жылдары ет нарығы бір пайыздан төмен деңгейге түскен.
Француз нарығында импорттық жылқы еті басым, ал ел ішіндегі өндіріс экспортқа шығарылады. Қазақстан Еуропаға жылқы етін ұлғайтуды қарастырып отырған тұста Францияда бұл өнімге сұраныс бар ма? Нарық қалай жұмыс істейді?
Францияда жылқы еті кең тарамаған. Мысалы, 2024 жылы ел аумағында төрт мың тоннаға жуық жылқы еті сатылған. Салыстырсақ, сиыр етін тұтыну көлемі бір жарым миллион тоннаға таяу. Бүгінде жылқы етін елдегі шаруашылықтардың шамамен 6 пайызы ғана сатып алады. Негізінен солтүстік және орталық аймақтарда. Фермерлердің айтуынша, жылқы басы жыл сайын азайып келеді. Қазір Францияда көбіне спорттық және бәйге бағытындағы тұқымдар өсіріледі.
Кристиан Шрамм, Trait Du Nord ауыр жүк тұқымын өсіруші:
- Біз Франция мен Бельгияның шекарасынан шыққан жылқының ауыр жүк тұқымын өсіреміз. Негізгі мақсатымыз – селекция мен тұқымды сақтау. Десе де жыл сайын құлын саны азайып келеді. Әрине, бір бөлігі сатылымға немесе етке жіберіледі. Мен өз басым жылқы етін тұтынамын, басқаларға да әрдайым сондай кеңес беремін. Алдымен өз жылқымызды пайдалануымыз керек. Басқа елдерден ет әкелмей тұрып, ішкі өндірісті қолдаған жөн. Импорт қажет кезде ғана керек, ал бізде өз жылқымыз әлі бар.
Жылқы өсіруші Кристиан айтып отырған мәселе – жергілікті нарықтағы парадокс. Француздар жылқы етін тұтынса, көбіне импортталған өнімді сатып алады. Негізгі жеткізушілер – Оңтүстік Америка елдері, Румыния, Бельгия, Моңғолия. Ал Францияда өндірілген еттің едәуір бөлігі көрші Италия, Швейцария және Нидерландыға экспортталады. Өткен ғасырда жағдай мүлде басқаша еді. Франция Еуропадағы ірі жылқы өсіруші елдердің бірі саналатын. Жылқы әскерде, ауыл шаруашылығында, өндірісте кеңінен пайдаланылды. Бүгінде тұтыну нарығына ауыл шаруашылықтың дамуы мен этикалық көзқарас әсер етті. Сұраныстың төмендеуіне байланысты мамандандырылған ет дүкендері де жабылып жатыр. Мәселен, Парижде 50 жыл қызмет көрсеткен жылқы еті сататын бұл дүкен екі аптадан кейін жұмысын тоқтатпақ.
Десе де жылқы еті Францияда гастрономиялық дәстүрдің бір бөлігі болып қала береді. Әсіресе елдің солтүстігінде және тарихи қалыптасқан қауымдастықтарда бұл әдет сақталған. Алайда бүгінгі таңда тар сегменттегі нарық. Бұны Еуропаға жылқы етін экспорттауды ұлғайтуды көздеген қазақстандық мал өсірушілер ескерсе игі. Мүмкін, шикі еттен гөрі дайын қазы, шұжық секілді өңделген, сапалы әрі ерекше дәмі бар өнімдер дәстүрлі гастрономияны бағалайтын нарықта көбірек қызығушылық тудыруы ықтимал.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан
Тегтер #Франция #жылқы еті #фермерлерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz