RU
Толық нұсқаға өту

Петропавлда құтқару қызметіне жаңа дрондар алынды

19.04.2026, 09:20 59

Ел жаңалықтарына ойыссақ. Солтүстік Қазақстанда дала өрті енді әуеден де бақыланады. Төтенше жағдайлар қызметіне жаңа дрондар алынды.

Ұшу аппараттары жасанды зерде көмегімен өрт ошақтарын жылдам анықтайды. Бұл тілсіз жаудың таралуына жол бермей, дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жаңа технология қауіптің алдын алуда айтарлықтай тиімді. 

Төтенше жағдайлар қызметкерлері енді үйді-үйді аралап жүрмейді. Өрт қаупі жоғары аумақтарды осылай дрон арқылы әуеден бақылайды. Ұшу аппараты бейнені түнде де анық көрсететін нфроқызыл камерасымен жабдықталған. Ал лазерлік өлшегіш құралы жанып жатқан аумақты анықтайды.

Никита Мархалюк, облыстық ТЖД басқармасының бас маманы:

- Біз қазір Петропавл маңындағы Заречный кентіндегі саяжай учаскелеріне әуеден мониторинг жасап жатырмыз. Заманауи дрондар өрт ошағын бірден анықтайды. Ал жазылған бейне Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты кризис орталығына жолданады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті осындай 20 дронмен қамтылған. Қазір өңірде өрттің қауіпті кезеңі басталды. Құтқарушылар ұшу аппараттарымен рейдтік шаралар ұйымдастырып, бейберекет от жаққандарды әкімшілік жауапқа тартады.

Аян Құсайынов, облыстық ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

- Өңірде өрт қаупі кезеңіне 55 мобильді топ құрылды. Олар күн сайын рейдік шаралар ұйымдастырып, өрт қауіпсіздігін сақтамаған заңды және жеке тұлғаларға 500 мың теңгеге жуық айыппұл салды.

Биыл облыс аумағында шөп пен қамыстың жануына байланысты 50 дерек тіркелген. Қазір өңірде қурап қалған шөптер мен қамыстарды ору жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл дала өртінің алдын алып, қауіп деңгейін төмендетуге бағытталған.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz