RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысында ауылдар сапалы интернетпен қамтылады

19.04.2026, 20:14 22

Қостанай облысында 120 елді мекенде интернет қуаты әлсіз. Әсіресе тұрғыны аз, шағын ауылдарда ғаламтор байланысы нашар.

Байланыс операторлары мұндай елді мекендерге желі тартуға ынталы емес. Биыл мәселені шешу үшін 50-ден астам елді мекенге антенна-діңгек мұнарасы орнатылады. Одан бөлек, бірқатар ауыл талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылады.

Қарабалық ауданындағы кейбір елді мекендерде интернет жылдамдығы төмен. Шекараға жақын ауылдарда көрші елдің байланыс операторлары әлі күнге үстемдік етіп тұр.

Ералхан Әбдікәрімов, Қарабалық ауылының тұрғыны:

- Енді біз шекарада болғандықтан ол жерде Ресейдің желілері болды. Біреулерге телефон соққан кезде, болмаса қоңырау келіп түскен кезде көтеріп қалсаңыз, Ресейдің роумингі қосылып кетеді. Мың теңгеңіз болса, сол жұмсалып кетеді.

Бұл ауданда ұялы байланыс жүйесін жақсартып, интернет сапасын арттыру мақсатында кешенді іс-шаралар атқарылды. Ворошилов, Гурьянов ауылдарына антенна-діңгек қондырғысы орнатылды. Ал Қарабалықтың өзінде талшықты-оптикалық желі тартылды. Қазіргі кезде 3 мыңнан астам абонент осы желіге қосылған.  

Анна Вальтер, Қарабалық ауылының тұрғыны:

- Бұрын интернет тым әлсіз еді. Кешке қарай тіптен баяулап қалатын. Қазір рахат. Жылдамдығы жоғары, қалаған сайтыңа тез-ақ кіресің. Бұл әсіресе біздің ұстаздардың жұмысын біршама жеңілдетті. Жасанды интеллектіні пайдаланып, оқу сабағында тың материалдарды пайдалану мүмкіндігі кеңейді

Биыл облыс бойынша 300 ауылды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарланып отыр. Оның сыртында 74 елді мекенде базалық станциялар қайта жаңғыртылмақ. 

Азамат Кашиев, облыстық ақпараттандыру басқармасының басшысы:

– Біз ірі телекомоператорлармен меморандумға отырып, келісімге келдік. Осыған дейін 44 елді мекенге антенна-діңгек тұрғызып, базалық станция, құрал-жабдықтарын орнаттық. Биыл 51 ауылға сондай мұнара қоямыз. Қаржы бөлінді. Осылай кезең-кезеңмен 2027 жылдың аяғына дейін интернет байланысы әлсіз барлық елді мекендерді толық қамтимыз. 

Антенна-діңгек мұнарасы қойылған ауылдарда  ұялы интернет қуаты 4 G деңгейіне жетпек. Ал шалғайдағы шамамен 30 шақты шағын ауыл спутниктік байланыс жүйесімен қамтылады. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz