RU
Толық нұсқаға өту

Бозжырада визит орталығы ашылды 

20.04.2026, 08:45 29

Бозжыра шатқалында заманауи визит орталығы іске қосылды. Маңғыстаудағы туристік мекенде қазір бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр.

«Ілкімді істің нәтижесінде өңір туризмі дамып, қызмет көрсету сапасы жақсара түседі» - дейді жауаптылар. 

Бозжыра – туристерді тұмса табиғатымен тамсандырған орын. Ақтаудан 300 шақырым жердегі шатқалдың ең биік нүктесі - 287 метр. Үстірт тауының «Азу тістер» атауымен танымал болған ақ  жартастарын  қызықтауға әлемнің түкпір-түкпірінен қысы-жазы туристер келеді. Гульвен есімді Францияның азаматы Маңғыстауға жолдасымен бірге келіпті. Олар соңғы үш айда Орталық Азияның бірқатар елінде болған.  

Гульвен Жугон, турист /Франция/

- Өзбекстанды аралап көрдік. Сол жақта демалып жүрген туристер бізге Қазақстанға баруға кеңес берді. Біз Бозжыраны ғаламтордан көріп, таңғажайып сұлу табиғатына тамсандық. Мінекей, енді өзіміз сол шатқалға көтеріліп, естелік фотоға түстік. Тау етегінде тұрған визит орталық сырт келбетімен алыстан көз тартады. Демалыс орны бізге ұнады.

Озық үлгідегі визит орталық Бозжыраға апаратын төте жолдың жиегінде орналасқан. Шатқалдан арақашықтығы шамамен - 17 шақырым. Демалушыларға бағыт-бағдар сілтейтін туристік нысан тәулігіне 60 адамды қабылдай алады. Мамандардың айтуынша, қазір бұл аумақта жалпы құны 3 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр.

Әсет Шәмбілов, туристік жоба жетекшісі:

- Біздің мақсатымыз – осы жерге келіп жатқан туристерді қабылдау. Білесіздер қазіргі маусымда туристер көп келіп жатыр біздің елімізге. Мәліметтерді беріп, сондай есеппен салып жатқан жайымыз бар.

Нұрсұлтан Ғиният, облыстық Туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- 2025 жылдан бастап 3 инвестициялық жоба іске асырылуда. Жалпы көлемі 3 млрдқа жуық және жаңадан алпысқа жуық жұмыс орны ашылады. Тартылып жатқан жеке инвестициялар - Бозжыра шатқалындағы жаңа визит орталықтар. Олар халыққа гидті алмастыруға, маршруттарға көмектесуге және де санитарлық тораптарға көптеген мүмкіндіктерді береді. Бозжыра шатқалын дамыту бізге сыртқы және ішкі туризмді дамытуға үлкен әсерін тигізеді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Маңғыстаудың көрікті жерлерін тамашалауға келетіндерге қызмет көрсету саласы соңғы жылдары қарқын алды. Мәселен, былтырдың өзінде жалпы сомасы 20 млрд теңге болатын қызмет түрлері көрсетілген. Демалыс уақытын осы аймақта өткізген 420 мың туристің 45 мыңдайы - шетел азаматы. Олар Бозжыра шатқалын арнайы барып тамашалаған.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев   

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz