RU
Толық нұсқаға өту

Астанада роботтар да қазақша ән айтып, би билейді

20.04.2026, 09:00 37

Алғашқыда тек қарапайым әрекеттерді орындаған құрылғыға бүгінде жан бітіп, жаңа функциялар енгізіліп жатыр. Гуманоид - дайын өнім емес, керісінше, инженерлер үшін ашық платформа.

Яғни құлтемірге қажетті алгоритмдер біртіндеп енгізіледі. Мәселен, оны билетіп, ән айтқызуға немесе қоршаған ортаны танып, адамдармен тілдесуге бейімдеуге болады. 

Иә, Қайрат Нұртастың әніне құлшына билеп, әлеуметтік желіні шулатқан - дәл осы адам тәріздес робот. Тіпті желі қолданушылары «әр елдің роботтары сол елдің адамдарына ұқсайды» деп әзілдеген еді. «Мұндай құлтемірдің құны түріне қарай 16 мыңнан 50 мың АҚШ долларына дейін бағаланады», - дейді мамандар.

Едіге Болатбекұлы, Ustem Foundation Physical AI лабораториясының инженері:

- Бұл - Unitree компаниясының G1 роботы. Ол 29 мотордан құралған Яғни, әр аяғында үш мотордан, қолдарында бес мотордан. Беткі тұсында камерасы бар. Мына жерде микрофондары орналасқан және ішінде спикері бар дауыс, музыка қосқанға.

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Бұл - гуманоид робот. Қазір оны джойстик арқылы басқарып тұрмыз. Ол қозғалып, билеп, адам қимылдарын оңай қайталай алады. Әр қозғалысы - нақты командаға негізделген. Болашақта мұндай роботтар өздігінен әрекет ететін деңгейге жетпек.

Азамат Әбдікәрімов, Ustem Foundation Physical AI лабораториясының жетекшісі:

- Бұл роботтың пайдасы, оның негізгі мақсаты - ол ғылым саласында жұмыс істейді. Яғни студенттер, профессорлар, инженерлер бұл гуманоидпен жұмыс жасап, гуманоидтарды келесі қадамға жылжыта береді.

Бүгінде гуманоидтар өндіріс, білім беру және қызмет көрсету салаларында қолданыла бастады. Былтырдан бастап адам тәріздес роботтар елге жеткізіліп, оларды бағдарламалайтын инженерлердің де саны да артқан. Сарапшылардың айтуынша, алдағы онжылдықта әлемде роботтарды сатып алу бойынша нарық көлемі жүздеген миллиард долларға жетуі мүмкін.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ақылбек Есімсеитов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz