Бірақ барлығын бір уақытта ауыстыру мүмкін емес.
"Жұмыс кезең-кезеңмен жүреді", - дейді жауаптылар. Жалпы елде бес мыңға жуық лифті жаңғыртуды қажет етеді. Оның ішінде 25 жылдан бері қолданыста болған есік құрылғы көп.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Пожарная көшесіндегі 10-үйдің тұрғындары үшін лифт мәселесі әлі де өзекті. Лифт жиі істен шығады. Оны жөндеуге ұзақ уақыт кетеді. Ондайда тұрғындар жоғары қабатқа жаяу көтерілуге мәжбүр. Қалада әбден ескіріп, жиі істен шығатын лифтілер аз емес.
Айкүміс Қуанбек осы үйде 10 жылдан бері тұрады. "Үйдегі лифтінің техникалық жағдайы мәз емес", - дейді. Айтуынша, жиі істен шығып, жоғарғы қабатта тұратындар қиналып қалады.
Айкүміс Қуанбек, қала тұрғыны:
- Осы үйде 9-қабатта тұрамыз. Жеделсатылар істемей, бұзылып қалады. Сондай кезде шақырамыз. Олар 1-2 күнде жөндейміз деп айтады. Сөйтіп, 2-3 күнде жөндейді.
Аяужан Серікқазы, қала тұрғыны:
- Үлкен кісілерге мүлде қиын. 10-қабатта тұратын кісілер бар. Жеделсаты істегенше осы жерде күтіп отырады. Жеделсаты істемейді. Ашық тұрады немесе мүлде тұрады. Үнемі солай.
Семейдегі көпқабатты үйлерде 925 жеделсаты бар. Жартысынан астамының пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Қазір 90 лифт күрделі жөндеуді қажет етеді. Мамандардың мәліметінше, 2024 жылдан бері қалада 7 жеделсаты жаңасына ауыстырылған.
Мәдина Шарбақбаева, Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:
- Бұл жеделсатылар жаңарту бағдарламасы аясында ауыстырылды. Қаражат мемлекеттік бюджеттен қайтарымды негізде бөлінеді. Яғни бөлінген қаржыны кейін тұрғындар өтейді. Қазіргі таңда бір лифтіні ауыстыру құны 20 миллион теңгеден асады.
Жалпы елде 37 мың 918 лифт болса, техникалық қызметті тексеру қорытындысы бойынша 1924 лифт күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал 922 құрылғы апатты жағдайда. Мұндай нысандарды жаңарту тек техникалық қажеттілік емес, тұрғындардың қауіпсіздігі.
Бағдат Байбеков, Тұрғын үй қоры басқармасының бас сарапшысы:
- 2019 жылдан бері жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2742 жеделсаты ауыстырылды. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу тәртібі 246-қаулымен реттеледі. Жеделсаты кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне жатады. Сондықтан оны ауыстыру туралы шешім пәтер иелерінің жалпы жиналысында қабылданады. Оны ауыстыру тек тиісті хаттамалық шешім болған жағдайда жүзеге асырылады.
Жалпы ел бойынша 5 мыңға жуық жеделсатының қызмет ету мерзімі өткен. "Олар арнайы бағдарлама аясында қайтарымды қаражат негізінде жаңартылады", - дейді жауаптылар. Яғни жұмсалған қаражатты тұрғындар 7 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта өтейді. Келесі жылы тұрғын үйлерді жөндеу мен жеделсатыларды жаңартуға республикалық бюджеттен шамамен 4 млрд теңге қарастырылған.
Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков
Тегтер #Абай облысы #лифт #жаңарту #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz