RU
Толық нұсқаға өту

Жолдау-2026: елде ең төменгі жалақы өседі

08.11.2026, 08:40 127

Елде ең төменгі жалақы мөлшерінің артуы кейбір әлеуметтік төлемнің өсуіне әсер етеді.

Мәселен, бала тууға байланысты және 1 жарым жасқа толғанға дейін нәресте күтімі бойынша берілетін төлем, жұмыссыздық бойынша уақытша жәрдемақы мөлшері артуы мүмкін. Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуі кімдерге және қалай әсерін тигізеді? 

Ең төменгі жалақы мөлшері тек қызметкерлерге берілетін кепілдік емес. Ол бірқатар әлеуметтік төлемді белгілеу кезінде есепке алынады. Бала тууға байланысты 1 жарым жылға дейінгі жәрдемақы мөлшері қызметкердің жалақысына сүйеніп тағайындалады. Енді оның шекті мөлшері қазіргі 595 мың теңгеден 770 мың теңгеге дейін артуы мүмкін. Сол секілді әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыздық бойынша берілетін төлем де қызметкердің жалақы көлеміне сай тағайындалатынын ескерсек, оның көлемі де өзгереді. 

Расул Рысмамбетов, «БЖЗҚ» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры:

- Бұл дұрыс шешім. Алайда, шынын айтсақ, біреуге миллион да жеткіліксіз. Енді біріне 30 мың теңге де айтарлықтай қосымша қолдау. Барлығы әр отбасының бюджетіне байланысты. Ең төменгі жалақы мөлшерінің инфляцияға әсері төмен деуге болады.

Ең төменгі жалақы мөлшерінің көтерілуі шамамен 1,8 миллион адамға әсер етеді. Олардың қатарында бюджеттік сала қызметкерлері мен жеке компаниялардың жұмысшылары бар. Бұл мемлекеттің әлеуметтік саясатының бір бағыты дейді мамандар. 

Мадияр Алдияров, ҚР ЕХӘҚМ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департамент директорының орынбасары:

- Өздеріңзге мәлім 2024, 2022, 2019 жылдары төменгі жалақы мөлшері көтерілген болатын. Бұны, бірінші кезекте, жалақысы төмен жұмыскерлердің жағдайын қолдауға бағытталған мемлекеттік шара ретінде қарастыруға болады. Біздің деректер бойынша Қазақстанда 1,1 млн азамат ай сайын 110 мың теңгеден төмен жалақы табыс алады деп айтуға болады, соның басым бөлігі 760 мың адам жалдамалы қызметкерлер. Соның 300 мыңы нақты 85 мың теңге көлемінде айлық алады. 2027 жылы біздің бағалауымыз бойынша жалақы қоры 160 млрд теңгеге өсуі мүмкін. 

85 мың теңге мөлшеріндегі ең төменгі жалақы елде 2024 жылдан бері сақталып келді. Енді жұмыс беруші қызметкерге толық жұмыс уақыты нормасын орындаған жағдайда бір ай үшін төлеуге міндетті ең төменгі ақша сомасы 110 мың теңге болады. Бұл қызметкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған мемлекеттік кепілдік саналады.

Авторы Рухани Әбдірахман

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz