RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында 28 медицина мекемесі салынып жатыр

08.11.2026, 13:00 102

Солардың қатарында инвесторлар қаржысына бой көтерген көп бейінді аурухана мен перинаталды орталық та бар.

Аталған нысандар пайдалануға берілгенде тұрғындар өзге өңірге сабылмай, тұрғылықты жерінде тиісті ем алатын болады.

Түркістан облысында былтыр 36 медицина мекемесі ел игілігіне берілді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, қалада 80 орынды перзентхана салынып жатыр. Шаһар тұрғындарының саны кейінгі бес жылда 68 мыңға көбейген. Сондықтан емдеу мекемесіне деген қажеттілік те артып келеді.  

Бейбіткүл Ақпанова, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Бұл өте тиімді болайын деп тұр. Оның ішінде әртүрлі жаңа заманауи құралдар болғандықтан халыққа тиімді. Және де кез келген ауырып жатқан тұрғындарға өзге ұзақ жаққа бармай, Шымкентке, Астанаға, Алматыға барып жатқан тұрғындарға өте тиімді, өте жақсы, қолайлы деп айтқым келеді. 

Денсаулық сақтау саласындағы ең ірі инвестициялық жоба Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатыр. 83 мың шаршы метрлік ғимаратта 570 орынға арналған көп салалы аурухана болады. 

Дидар Сапарғалиев, құрылыс нысанының бас инженері:

- Қазір 300-ден астам адам еңбек етуде. Күн сайын. Жұмыстарды атап өтетін болсақ, ол ішкі әрлеу жұмыстары, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды монтаждау жұмыстары. Одан әрі далада абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары бірге жүргізіліп жатыр. Біз жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстарын жылдың соңына дейін бітіріп, пусконаладка мен медициналық жабдықтарды монтаждауға дайындауды көздеп отырмыз. 

Медициналық мекемелер аудандарда да тұрғызылып жатыр. Сарыағашта 300 адам жататын көп салалы аурухана салына бастаса, Арыс, Сауран аудандарында жобалау құжаттары әзірлену үстінде.

Нұрсұлтан Кенжебаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Облысымызда Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау саласында инфроқұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүруде. Облыстың ауылдық елді мекендерінде 25 медициналық нысан құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне тапсыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылы ауылды елді мекендерде 33 медициналық нысан құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. 

Жаңа медициналық нысандарда диагностика мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр. Дегенмен, салада кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұр. Соған байланысты дәрігерлерді даярлауға гранттар бөлініп, резидентурада білім алуға мүмкіндік жасалған. Оқуын аяқтаған түлектер  алдағы уақытта өңірге келіп, жас мамандардың қатарын толықтыратын болады.

Авторлары Шыңғыс Қалиден, Айша Көшеман

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz