RU
Толық нұсқаға өту

Әмірлікте қазақ киносының апталығы басталды

08.11.2026, 18:40 73

Дубайда қазақ кино апталығы өтіп жатыр. Еліміздің бас консулдығы мен жергілікті медиа кеңесі бірлесіп ұйымдастырған іс-шара көпшілік тарапынан кеңінен қолдау тапты. Мәдени ынтымақтастық тереңдеді, деп хабарлайды 24KZ.

Бастамаға бизнес өкілдері де атсалысты. Апталықтың ашылу рәсімінде «Бақыт құшағында» музыкалық мелодрамасы көрсетілді. Режиссер Санат Шапашовтың туындысы аты аңызға айналған композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне негізделген.

Алмаз Тасболат, Қазақстанның Дубайдағы және Солтүстік Әмірліктердегі бас консулы:

– Бұл мәдени іс-шара еліміздің тәуелсіздігіне 35 жыл толуына тұспа-тұс келіп отыр. Басты мақсатымыз – Дубай тұрғындарына Қазақстан мәдениетін көрсету, таныстыру. Сондай-ақ елімізді сағынған отандастарымызға фильмдерімізді көрсетіп, соларға қуаныш алып келгіміз келіп тұр.

Қазақ кино күндері Дубайдың ең ірі ойын-сауық орталығында өтіп жатыр. Әмірліктегі Қазақстан азаматтары алдын ала тіркеуден өтіп, тегін кіре алады. Отандық кинематография туындыларын шетелдіктерге де тамашалау мүмкіндігі бар. Әр фильмге ағылшын тілінде жүгіртпе жол қосылған.

Санат Шапашов, режиссер:

– Осы мюзикл жанры араб жеріне өте жақын. Жалпы музыка әмбебап жанр. Оны түсіну үшін тіл керек емес. Шәмшінің әндері кез келген елге өз ойымызды жеткізе алады.

Хешам Әл Олама, Дубай медиа кеңесінің сектор басшысы:

– Қазақстанның Республика күні аясында Дубайда осындай маңызды іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқанымызға қуаныштымын. Мұндай фильмдер қазақ елі жайлы көбірек білуге және кейін ол жаққа арнайы сапармен баруға жол ашады. Екі жақтың көрермен, продюсер және режиссерлері арасында мәдени көпір болып, өзіндік орта қалыптастыруға әрқашан әзірміз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz