Абай облысы Жарма ауданында полицейлер ірі қара мал ұрлығына қатысты бірқатар қылмыстың бетін ашты. Тергеу барысында алты эпизодқа сегіз адамның қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 19,8 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды «24KZ» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2025 жылдың қыркүйек айында Суықбұлақ ауылының маңында малдың жоғалғаны туралы полицияға арыздар түсе бастаған. Әртүрлі уақытта шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындарға тиесілі мал ұрланған. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Полицейлер малдың жоғалу мән-жайын анықтап, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеді, сондай-ақ жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізді. Тергеудегі маңызды айғақтардың бірі жеке тұрғын үй ауласында ірі қара малдың сойылған сәті түсірілген бейнежазба болды. Жазбаны зерделеп, алынған мәліметтерді тексеру нәтижесінде күдіктілер анықталды.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде сегіз адам ұсталды. Алғашқы дерек бойынша тергеу жұмыстарын жалғастырған полицейлер мал ұрлығының тағы бес эпизодын анықтады.
Жалпы, тергеу барысында 52 бас ірі қара малдың ұрланғаны дәлелденді. Келтірілген шығын көлемі 19,8 млн теңгеден асқан. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.
Жарма аудандық сотының үкімімен кінәлілер бас бостандығынан айырылды.
Тегтер #Абай облысы #полиция #мал ұрлығы #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz