RU
Толық нұсқаға өту
Фото:UKIMET

Қазақстанда бір аптада жаңа мектеп, саябақ және цифрлық AI-кеңсе ашылды

09.11.2026, 13:40 102

Қазақстан өңірлерінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы аптада жаңа мектеп пен саябақ ашылып, теміржол вокзалдары жаңартылды. Бірнеше ауылға табиғи газ жеткізіліп, тұрғындарға пәтер кілттері табысталды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Әлеуметтік инфрақұрылым

Ақмола облысының Көкшетау қаласында 120 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды. Білім ордасы апатты ғимараттың орнына салынған. Сондай-ақ Макинск қаласында балалар мен спорт алаңдары, жүгіру жолы және амфитеатры бар мәдениет және демалыс саябағы пайдалануға берілді.

Бурабай курорттық аймағында халықаралық деңгейдегі конгресс-орталықтың құрылысы басталды. Ауданы 12,8 мың шаршы метр болатын нысан іскерлік туризмді дамытуға бағытталған.

Көлік және инженерлік инфрақұрылым

Жетісу облысында Жайпақ және Сарыөзек теміржол стансаларын реконструкциялау аяқталды. Жолаушыларға арналған жағдайлар жақсарып, қауіпсіздік талаптары күшейтілді.

Сондай-ақ Әулиеағаш, Ақжазық, Аққұдық және Шолақай ауылдары табиғи газға қосылды. Нәтижесінде 9 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Қазір елімізде газдандыру деңгейі 64,2%-ға жеткен. 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 80%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Цифрлық инфрақұрылым және тұрғын үй

Қарағандыда жасанды интеллект сервистері интеграцияланған жаңа форматтағы цифрлық AI-кеңсе ашылды. Мұнда азаматтарға электрондық мемлекеттік қызметтерді өз бетінше пайдалануды үйретуге басымдық беріледі.

Сонымен қатар Шымкентте, Алматы, Ақмола және Түркістан облыстарында әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға 136 пәтердің кілті табысталды. Алматыда төтенше жағдайлар қызметкерлерінің отбасыларына да қызметтік баспана берілді.

Жаңа нысандар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында өңірлердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz