Ақтауда 2-3 күннен бері толассыз жауын жауып тұр. Оннан астам шағын ауданың көшелерінде жаңбыр суы жиналып, көлік қозғалысы қиындап кетті. Жаяу жүргіншілердің де берекесі қашты. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Көшелерді судан тазарту жұмыстары күні-түні тоқтаусыз жалғасуда.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қалада өткен сенбіден бері жаңбыр толастаған жоқ. Таңда және түнде нөсерге ұласты. Салдарынан қаланың жоғары шағын аудандарына лай су жиналып, көлік кептілісі болды. Коммуналдық қызмет №17, №18а ықшам ауданда және №31 шағын аудандағы базар аумағында күшейтілген режиммен жұмыс істеп, көшелерді судан тазартты. Қазіргі уақытта су сору жұмыстары №12, 16, сондай-ақ 17-ші шағын ауданішілік жолдарда жалғасып жатыр.
Жұлдызбай Көңілімқосов, Ақтау қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- 7-8 қараша күндері жалпы қала аумағы бойынша 10 мың шаршы метр су алынды. Қазіргі күні 9 қарашада таңғы 6-да басталған жаңбырдың әсерінен жиналған суларды жиырмаға жуық арнайы техника және 60-қа жуық жұмысшы мен 7 мотопомпа жұмылдырылды. Жағдай тұрақты. Жалпы қала аумағында суағар жүйелері жоқ. Қазіргі таңда суағар жүйелерінің барлығы орталық кәріз құбырларына қосылған.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Жері құрғақ болуына байланысты Ақтауда орталық суару жүйесі орнатылмаған. Алайда соңғы жылдары климаттың өзгеруіне орай қала әкімдігі орталық суару жүйесін жүргізу жобасын қолға алды. Қазіргі кезде соның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Айта кетсек, «Қазгидрометтің» болжауынша, Маңғыстау облысында осы аптада күн райы қолайсыз болады. Яғни алдағы тәуліктерде нөсер күтіледі. Жауаптылардың сөзінше, төтенше жағдай қызметі мен жеке кәіпорындардың арнайы техникалары коммуналдық мекемелердің жұмысшыларына көмекке келуге дайын.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #Ақтау #көше #жаңбырPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz