Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау үшін мектептің материалдық-техникалық базасы ғана емес, педагогтердің кәсіби дайындығы мен психологиялық қолдау жүйесі де маңызды. Инклюзивті білім беруде баланың жеке қажеттілігін ескеріп, оны қоғамға және мектеп ортасына бейімдеуге басымдық беру қажет. Бұл туралы Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназиясының педагог-психологы, инклюзивті білім беруді ұйымдастыру жөніндегі үйлестіруші Назым Әбілқасым «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Бүгінде инклюзивті білім беру жүйесін дамыту – білім саласындағы өзекті міндеттердің бірі. Президент те өз Жолдауында инклюзивті білім беруге ерекше назар аударды. Өйткені ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы орта қалыптастыру, олардың сапалы білім алуына мүмкіндік беру және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету кешенді жұмысты талап етеді.
Назым Әбілқасымның пікірінше, инклюзивті білім беруде барлық балаға бірдей талап қою дұрыс емес. Әр оқушының мүмкіндігі мен қажеттілігі ескеріліп, соған сәйкес оқу бағдарламасы мен тапсырмалар бейімделуі қажет.
Ең бірінші баланың қажеттілігін ескеру керек. Мектепке келген кезде оның білім алу ерекшелігіне қарай психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіліп, қажет болған жағдайда оқу бағдарламасы бейімделуі тиіс. Сонымен қатар арнайы мамандардың сабақ кестесі мен жүктемесі де баланың қажеттілігіне сай ұйымдастырылуы керек, – дейді маман.
Оның айтуынша, мұғалімдер де арнайы курстардан өтіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін меңгеруі маңызды. Сабақ барысында шығармашылық тәсілдерді қолданып, оқушыларды сыныптағы іс-шараларға, үйірмелер мен қоғамдық жұмыстарға тарту қажет.
Педагог-ассистенттің міндеті – баланы дербестікке үйрету
Инклюзивті білім беру жүйесінде педагог-ассистенттердің атқаратын қызметі ерекше. Олар баланың оқу процесіне қатысуына, мектеп ортасына бейімделуіне және білім алуына көмектеседі.
Спикердің айтуынша, қазіргі кезде педагог-ассистент мамандарын даярлайтын оқу орындарының қатары көбейіп келеді. Дегенмен бұл мамандарға деген қажеттілік әлі де жоғары. Педагогикалық білімі бар мұғалімдер де осы қызметке орналаса алады.
Педагог-ассистенттің басты міндеті – баланы үнемі өзіне тәуелді етіп қою емес, керісінше, оның біртіндеп дербес әрекет етуіне жағдай жасау.
Алғашқы кезеңде педагог-ассистент баланың мектепке бейімделуіне, сабаққа қатысуына, қажетті мамандармен жұмыс істеуіне көмектеседі. Бірақ уақыт өте келе бала өздігінен әрекет етуге үйренуі керек. Біздің мақсатымыз – оның дербестігін қалыптастыру, – дейді Назым Әбілқасым.
Ерте анықтау – дер кезінде көмек көрсетудің жолы
Маман ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте жастан анықтаудың маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, кейбір ата-аналар баласының даму ерекшеліктерін байқаса да, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға (ПМПК) жүгінуге асықпайды. Кейбірі бұл мекемеден қорқып, мәселені өз бетінше немесе жекеменшік орталықтардың көмегімен шешуге тырысады. Алайда баланың дамуындағы ерекшеліктерді уақытында байқап, қажетті мамандарға жүгіну оның болашақтағы оқуына және әлеуметтік бейімделуіне оң ықпал етеді.
Бұл жерде ең бастысы – диагноз қою емес, баланы ерте анықтап, қажетті көмекті уақытында көрсету. Балаға қандай қолдау қажет екенін біліп, түзету жұмыстарын неғұрлым ерте бастасақ, оның мектепке бейімделуі де жеңілдейді, – деп түсіндірді маман.
Сондықтан ата-аналар баланың сөйлеуінде, қозғалысында немесе басқа да даму көрсеткіштерінде ерекшеліктер байқалған жағдайда мамандардың көмегіне жүгінгені жөн.
Инклюзивті білім берудің нәтижесі – мектеп пен ата-ананың бірлескен жұмысы
Инклюзивті білім беруде тек мектептің жұмысы жеткіліксіз. Баланың дамуына отбасының қолдауы да тікелей әсер етеді. Назым Әбілқасым ата-ана мен педагогтің ынтымақтастығын екі ескегі бар қайыққа теңейді.
Оның пікірінше, ата-аналар баласының ерекшелігін қабылдап, мамандармен тұрақты байланыста болуы қажет. Ал мектеп тарапынан баланың білім алуына ғана емес, оның әлеуметтік ортаға араласуына, сыныптастарымен қарым-қатынас орнатуына және жеке қабілеттерін дамытуына жағдай жасалуы тиіс.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz