Түркістан облысында автомобиль жолдарын қысқы маусымда күтіп-ұстауға 402 арнайы техника мен 1 068 жұмысшы жұмылдырылады. Жолдарды қардан тазалау, көктайғақтың алдын алу және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері облыс әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте қаралды, деп хабарлайды «24KZ».
Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған логистика инфрақұрылымын дамыту міндетіне тоқталды. Президент көлік-логистика саласын елдің экономикалық өсіміне ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі ретінде атап өткен. Осыған орай, өңірде автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет.
Облыс әкімі қысқы кезеңде жолдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қауіпті учаскелерді алдын ала анықтап, арнайы техникалар мен жұмыс күшінің дайындығын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ инертті материалдар мен жанар-жағармайдың резервтік қорын ұлғайтып, аудан-қала әкімдіктерінде тәуліктік кезекшілік ұйымдастыру міндеттелді.
Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 мың 692 шақырымды құрайды. Қысқы маусымға дайындық аясында 505,1 миллион теңге бөлініп, 21 мың текше метрден астам құм мен 9 мың 686 тонна тұз әзірленген. Жолдарды тазалауға қажетті жанар-жағармай қоры да жасақталған.
Қолайсыз ауа райында жолда қалған жолаушыларға көмек көрсету үшін Бәйдібек және Созақ аудандарындағы асуларда төрт жылыту бекеті дайындалды. Олар бір мезгілде 70 адамды қабылдай алады.
Ал республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға 62 арнайы техника мен 186 жұмысшы жұмылдырылады. Жол қызметтері қысқы маусымда қар тазалау және көктайғаққа қарсы жұмыстарды жүргізуге дайын.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Түркістан облысы #Жолдау2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz