RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ Сенаты Иранға қарсы соғысты қолдады

05.03.2026, 08:00 94

АҚШ Сенатындағы республикашылдар президент Дональд Трамптың Иранға қарсы әскери науқанын қолдап, әуе операциясын тоқтатуды көздейтін қарарды өткізбей тастады.

Құжатқа сәйкес, Иранға қарсы кез келген әскери әрекет үшін Конгрестің арнайы рұқсаты керек еді. Дауыс беру нәтижесінде сенаторлар 53-те 47 дауыс айырмасымен құжатты қарау процесін жалғастырудан бас тартты. Бастаманы демократтар мен бірқатар республикашыл сенаторлар ұсынып, Конгрестің соғыс жариялау құқығын қайтару қажет екенін айтқан. АҚШ Конституциясына сәйкес, мұндай өкілеттік заң шығарушы органға тиесілі. Алайда президенттің партияластары Сенат пен Өкілдер палатасында басымдыққа ие болған соң Дональд Трампты қолдап шықты. Айта кетейік, дәл осындай мазмұндағы қарар қазір Өкілдер палатасында да талқыланып жатыр. Заң жобасы бойынша дауыс беру бейсенбіге жоспарланған.  

Джеймс И. Риш, АҚШ Сенаторы:

- АҚШ тарихындағы соңғы 47 президенттің 45-і Конгрестің арнайы рұқсатынсыз дәл осындай әскери әрекеттерге бұйрық берген. Бұл алғашқы жағдай емес. Конституцияның екінші бабында президентке тек құқық емес, антында көрсетілгендей Америка Құрама Штаттарын қорғау міндеті де жүктелген.

Томас Мэсси, АҚШ Конгресінің мүшесі:

«Ақ үй соғысты не үшін бастағанын нақты түсіндіріп бере алмай отыр. Президент Иран тарапынан жақын арада шабуыл жасалуы мүмкін болғандықтан бірінші болып соққы бердік дейді. Ал Қорғаныс министрлігі мұндай шабуылдың жақын арада болатынына дәлел жоқ екенін мойындады. Біреулер бұл соғыс Иранның ядролық бағдарламасына байланысты дейді. Бірақ небәрі алты ай бұрын Иранға жасалған соңғы соққы олардың ядролық бағдарламасын күйретті деп айтылды емес пе? Сонда қайсысы дұрыс? Меніңше, ең шынайы жауапты Мемлекеттік хатшы айтты. Ол баспасөзге Израиль бізді бұл соғысқа тағы да тартып кіргізді деді. Міне, дәл осы себептен соғыс мәселесін Конгресс шешуі тиіс».

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz