АҚШ пен Иран арасындағы уақытша келісімнің аяқталуына 2 күннен аз уақыт қалды. Екі жақтың да ымыраға келер түрі көрінбейді. Ормуз біресе ашылады, біресе жабық.
АҚШ дәл қазір Ормузды ала алмай отырғанмен, қашанда бәсі мықты екені анық. Тегеран тегеурінге шыдайды дегенмен, өз ішінде алауыздық бар тәрізді. Себебі өткен жұмада Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бұғазды аштық деген еді. Бірақ бір күн өтпей, Ислам Революциясы сақшылар корпусы шешімді өздері қабылдайтынын мәлімдеп, су жолын қайта жапты. Сонымен Ислам революциясы сақшылар корпусы Тегеранға бағына ма әлде бағынбай ма? Қазір Иранды кім басқарып отыр?
Иранда саясаткерлер мен әскерилердің ұстанымдары екі бөлек. Өйткені кейінгі жариялаған мәлімдемелері қарама-қайшы. 17-сәуірде Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи: «Ормуз бұғазын толықтай аштық» десе, көп ұзамай Ислам революциясы сақшылар корпусы: «Стратегиялық су жолын бақылау тетігі біздің қолда», - деп бұғазды жапқанын жеткізді. Тіпті өткел арқылы өтпек болған 2 кемені атып, тоқтатқан. Танкерлердің біреуі – Үндістандікі. Нью-Дели Иран мұнайының ірі тұтынушысы саналады. Бұғаз арқылы өтуге биліктің рұқсаты болғанына қарамастан, коммерциялық кеме шабуылға ұшырады. Бұған Үндістан алаңдап, Иран елшісін дереу шақыртқан. Тегераннан қауіпсіз кеме тасымалын қалпына келтіруді талап еткен.
Вашингтондағы соғысты зерттеу институтының талдау орталығы:
- Иранда шешімді АҚШ-пен келіссөз жүргізіп жатқан ресми тұлғалар емес, әскерилер қабылдайды. Ислам революциясы сақшылар корпусының халықаралық теңіз тасымалын қайта жабуы, яғни Аракчидің ресми мәлімдемесіне қайшы әрекет етуі Иран билігінің ішінде келіспеушілік бар екенін көрсетеді.
Сарапшылардың сөзіне қарағанда, қазір Иранды АҚШ-тың әуе соққысы кезінде қаза болған Әли Хаменеидің ұлы емес, оның «аруағы» басқарып отыруы ықтимал. Өйткені Моджтаба Хаменеи әкесінің орнына сайланды деп айтылғанымен, ол ел алдына шыққан емес. Тек жазбаша мәлімдемелер жасалып жатыр. «Ислам революциясы сақшылар корпусы Моджтабаның атын жамылып, Иранды өздері басқарып отыруы да ғажап емес», - дейді сарапшылар.
Ал АҚШ Тегеранның шарттарына бас шұлғып отырмақ емес. Аңысын аңдып отыр. «Бұлар мәмілеге келмей, аймақтан кетпейміз» дейді. Бұл туралы Президент Дональд Трамп мәлімдеді. Сарапшылар Вашингтон уақытша келісімді Иранды кім басқарып отырғанын анықтау үшін пайдаланбақ. «Сосын жаңа күшпен соққы жасайды» деп санайды. Өйткені «Флайтрадар24» порталының дерегі бойынша, Құрама Штаттар Таяу Шығысқа әскери техникасын үсті-үстіне толықтырып, әлі әкеліп жатыр. Сосын Иранға тиесілі жүк кемесін басып алған.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Бүгін Иранға тиесілі TOUSKA жүк кемесі АҚШ әскери теңіз күштерінің блокадасынан өтпек болды. Кеме өте үлкен. Салмағы ұшақ таситын кемемен бірдей. Бірақ Құрама Штаттардың теңіз күштері мұны Оман аумағында тоқтатты. Ескертуге қарамастан кеме экипажы сапарды жалғастыруға әрекет қылған. Сондықтан қозғалтқышына соққы беріп, тоқтаттық. Бұл - осыған дейін АҚШ-тың санкциясына іліккен кеме. Бақылауға алған соң тексеріс бастап кетті.
Уақытша бітім кезінде Иран да қол жайып, қарап отырмағаны анық. «Нью-Йорк Таймс» басылымының мәліметіне сай, зымыран өндірісін күшейткен. Тіпті осы айда қару-жарақ арсеналының 70 пайызын қалпына келтірген. Ислам революциясы сақшылар корпусы әскери қолбасшыларының бірі соғыс қайта басталса, жаңа зымырандар оқтаулы тұрғанын ескертті.
Кейінгі бір тәулікте Ормуз бұғазы арқылы бірде-бір коммерциялық кеме өткен жоқ. Блумберг басылымының дерегіне сүйенсек, соғысқа дейін бұл өткел арқылы күніне 135 су көлігі қатынайтын. «Бұлай жалғаса берсе, нарық кеме тасымалының балама жолын іздейді», - дейді сарапшылар. Халықаралық Энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бирол Түркия мен Ирактың арасына жаңа мұнай құбырын салуды ұсынып отыр. Оның айтуына қарағанда, бұл Ормуз бұғазына тәуелділікті азайтуға сеп болады. Екі ел келіссе, жобаны ЕуроОдақ қаржыландыруға ниетті.
Габриель Моизес Фуентес, Норвегия экономика мектебінің кеме және логистика орталығының доценті:
- Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден жолақысы сияқты төлем жүйесі енгізіледі деген әңгіме айтылып жүр. Бірақ бұл Иранның өзіне тиімді емес.
Егер теңіз жолы тым қымбаттап немесе қысым күшейсе, онда көбі кемелердің орнына мұнайды құбырлармен тасымалдауға көшіп кетуі мүмкін. Бұл Иранның теңіздегі ықпалын әлсіретеді. Мәселен, мұнайды Жерорта теңізі, тіпті Қара теңіз арқылы жеткізетін жаңа құбырлар салуға қаржы құйыла бастауы мүмкін.
Иранның бұрынғы рухани көсемі Әли Хаменеи кейінгі жылдары билікті бір адамның қолына шоғырландырмай, бірнеше шешім қабылдау орталығын құрды. Осы уаққа дейін режимнің күйремеуі осының нәтижесі болса керек. Алайда Иранның басқарусыз қалғаны жөніндегі болжамдар рас болса, бұл ұзаққа бармайды. «Ерте ме, кеш пе билікке талас ішкі майданға ұласуы мүмкін», - дейді сарапшылар.
Тегтер #АҚШ #Иран #келісім #Ормуз бұғазы #ТрампPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz