RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ күйі Еуропа төрінде күмбірледі

19.04.2026, 16:20 45

Брюссель жұртшылығы қазақтың күй өнерімен етене танысты.

Еуроодақтың қолдауымен түсірілген күй өнері туралы деректі фильм  Бельгия астанасында көрсетілді. Осылайша, шетелдіктер бір жарым ғасырлық тарихы бар көне домбыраның үнін естуге мүмкіндік алды.

Деректі туынды «Шежірелі құлақ күй» атты 20 бөлімнен тұратын циклді түйіндейді. Фильмде қазақ халқының көрнекті күйшілерінің қилы кезеңдерде мәдени мұрамызды сақтаудағы рөлі туралы баяндалады. Батыс аудиториясы үшін бұл кеш домбыраның өзгеше үнімен танысып қана қоймай, қадақ мәдениетін тереңірек тануға да жол ашты. Іс-шараның өтуіне Еуропалық одақ мұрындық болды.

Самюэль Дю Рер Вестебай, ұйымдастырушы:

- Бұл кештің мақсаты Қазақстанды, Орталық Азияны және Еуропалық Одақты мәдени тұрғыда жақындастыру. Бүгінде өңірлер арасында саяси, экономикалық және инфрақұрылымдық байланыстар нығайып келеді. Бірақ халықтарға бір-бірінің мәдениетін тереңірек таныту өте маңызды.

Кештің басты нышандарының бірі XIX ғасырда жасалған домбыра болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ол бір жарым ғасырлық тарихымен ғана емес, қайталанбас үнімен де құнды. Мұндай аспаптарды көне заманның шеберлері ерекше тәсілмен жасаған. Одан төгілген күй жәй ғана әуенге емес, тұтас бір хикаяға айналады.

Рүстем Нұркенов, күйші, өнертанушы:

- Атақты домбыра жасаушы шебер бар. Соның домбырасы. Бұл кәдімгі бүтін бір ағаштан ойылып жасалған домбыра және де бір ерекшелігі, мен сіздерге көрсетейін, мың домбыраның ішектері. Қойдың ішегі тағылып, бүгінгі іс-шарада орындалды.

Шетелдік көрермен үшін бұл шара шынымен де жаңалық болды. Көпшілігі бұған дейін күй туралы да, домбыраның қазақ мәдениетіндегі орны жайлы да білмей келгенін жасырмады. Ал жанды дыбыста орындалған музыка сөзбен жеткізуге болмайтын сезімді сезінуге мүмкіндік берді.

Лора Рэми, көрермен:

- Маған, әсіресе хикая мазмұнын сөзсіз, тек музыка тілімен жеткізуге болатыны қызық болды. Орындаушының шеберлігіне қарай тыңдарман оның айтар ойын түсіне алады екен. Мен үшін ең әсерлі тұсы осы.

Ұйымдастырушылар халықтар арасындағы көпір ресми кездесулер кезінде ғана емес, өнер арқылы да орнап жатқанына қуанышты. Деректі фильм бүгінде көпшілік қауымға бейне платформалар арқылы қолжетімді. Туынды қазақ тілінде, бірақ ағылшын субтитрлерімен беріледі.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz