RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысында референдумге дайындық қызу жүріп жатыр

05.03.2026, 11:15 40

Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Алматы облысына барып, 15 наурызға белгіленген саяси науқанға дайындық барысын көрді.

Жауапты мекемелердің басшыларымен және аумақтық референдум комиссиясының мүшелерімен кеңес өткізді. Жиында сайлау процесін ұйымдастыру, учаскенің  дайындығы, сайлаушыларға жасалған жағдай, оның ішінде мүгедектігі бар жандар үшін қарастырылған мүмкіндіктер жан-жақты талқыланды.

Орталық референдум комиссиясы төрағасының қатысуымен өткен кеңесте еліміз үшін аса маңызды саяси науқанда ашықтық пен әділдікті, заңдылықты қатаң сақтау мәселелері жан-жақты сөз болды. Алматы облысында референдумға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Нұрлан Әбдіров Қонаев тағы  бірқатар учаскені аралап,  материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.

Нұрлан Әбдіров, ҚР ОРК төрағасы:

- Жергілікті атқарушы биліктің тікелей міндеті – әрбір өңірдегі учаскелерді материалдық-техникалық жағынан толыққанды қамтамасыз ету. Бұл жерде мүгедектігі бар адамдар үшін де, ол пандустары бар, тактильдік тақтайшалары бар және лупасы бар, компьютер болу керек жеке құлақпен еститін несімен бірге. Біз үш этапқа бөліп тастадық. Ең алдымен кәсіби деңгейде жұмыс істейтін аумақтық комиссияларды оқыттық офлайн, онлайн. Одан кейін ол комиссиялар учаскелік комиссиялар төрағаларын орынбасарлары мен хатшыларын оқытты. Қазір үшінші этапта енді мүшелерін оқытып жатыр.

Жиында халықты ақпараттандыру тәртібі мен референдумға қатысуға арналған шақыруларды тарату мәселелері де пысықталды. Қолжетімді әрі инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше мән берілген. Зағип және көзі нашар көретін дауыс берушілер үшін брайль қарпімен терілген трафареттер мен ақпараттық стендтер әзірленді.  Облыс  бойынша республикалық референдумға 694 комиссия жұмылдырылады. Соның 12-сі аумақтық, қалғаны учаскелік. Олардың құрамында 4  800-ден аса комиссия мүшесі бар. Еліміздің бұл өңірінде 1 млн 30 мыңға жуық тұрғын референдумда дауыс беру құқығына ие.

Нұрлан Әбдіров, ҚР ОРК төрағасы:

- Бізде әрбір учаскеде қазір тізімдер бар. Комиссия республика бойынша айтқым келіп отыр, республика бойынша барлық 10411 комиссия учаскелік өз жұмысын бастап кетті. Сол себепті дауыс беретін біздің ҚР азаматтары мен азаматшалары сол учаскеде бар ма, жоқ па, соны анықтау керек.

Референдум учаскелеріне Жаңа Ата заң жобасының екі тілдегі мәтіндік және аудионұсқалары қойылған. Дауыс берушілерге QR-код бедерленген дербес шақыру қағаздары жолданады. 15 наурыз күні облыста 30 шақты инватакси мен 15 сурдоаудармашы қызмет көрсететінін айта кетейік. Әзірге өңір бойынша 300-ге жуық адамнан үйден дауыс беру туралы өтінім түсті. Референдум барысын 16 қоғамдық ұйымның байқаушылары бақылайды.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz