RU
Толық нұсқаға өту

Каратэшілер ең жоғары жетістік тіркеді

20.04.2026, 12:00 30

Елена Рыбакина рейтингілік турнирде топ жарды. Қазақстандық теннисші Германияның Штутгарт қаласында өткен WTA 500 санатындағы жарысқа қатысқан болатын.

Әлемнің екінші ракеткасы финалда чехиялық Каролина Мухованы сенімді жеңді. Бұл – қазақстандық теннисшінің кәсіби мансабындағы 13-ші жүлдесі. Жеңісі үшін Рыбакина 500 рейтингтік ұпайға ие болып, 160 мың еуро көлемінде сыйақы алды. 

А.Алдабеков: Өз өрендерімізді дәріптейік

Бұрын өзге елдің спортшыларына еліктейтінбіз. Қазір сондай чемпиондар өзімізде бар. Таеквондодан жастар құрамасының аға бапкері Айтжан Алдабеков әлем чемпионатын қорытындылап, қазақ қыз-жігіттерінің әлеуетіне баға берді. Ел намысын абыройымен қорғаған ұлттық құрама күні кеше елге оралды. Оларды елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ташкентте өткен әлем чемпионатында 1 алтын және 4 қола жеңіп алып, жалпы есепте жарысқа қатысқан 119 елдің арасында 8-ші сатыға тұрақтады. Осы тұрғыда аға бапкер өзімізде тұрақты чемпиондар беретін жүйе қалыптасқанын, сәйкесінше, енді өз өрендерімізді дәріптеп, өз спортшылармызды насихаттау қажеттігін алға тартты.

Каратэшілер ең жоғары жетістік тіркеді

Бүгінге дейін өткен әлемдік Премьер-Лигалардың нәтижесінде қоржынымызға 4 алтын, 3 күміс және 2 қола түсті. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Ал алдағы айда премьер-лиганың тағы бір кезеңі барын ескерсек, көрсеткіш одан сайын артатындығы белгілі. «Бұның барлығы елде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар мен отандық федерациясының жаңа бастамаларының арқасы», - деді мемлекеттік жаттықтырушы Майя Баймағамбетова бізге берген сұхбатында.

Қазір Қазақстан каратэсінде буын алмасу процесі жүріп жатыр. Жігерлі де жалынды жастар көбірек келуде. «Негізгі үміт те соларда» деді маман. Бұған қоса, дәл осы Премьер-лига жарыстарын күзде өтетін Азия ойындарына дайындық есебінде қарауға болады. Яғни осы жарыстар арқылы Ұлттық құрама іріктеледі және құрлықтық додада дәл осындай жоғары нәтиже тіркеу жөнінде жауапкершілік жүктеледі.

Футболдан әуесқойлар лигасы жалғасын табады

Былтыр Қазақстан Футбол федерациясы арнайы жобаны қолға алып, қарапайым мұғалім, дәрігер не құрылысшыға өзін отандық футболдың бір бөлшегі сезінуіне мүмкіндік берді. Ал жеңіске жеткендері, тіпті кәсіпқой аладоп аламанына аяқ басты. Яғни профисионалды командалармен қатар Қазақстан Кубогында өнер көрсетті.

Биыл аталмыш бастама жалғасын табады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жобаға жауаптылардың айтуынша, бұл жолы географиялық ауқым кеңейді және соған сәйкес қатысушы командалар саны артады. Шамамен 10 мыңға жуық адам өнер көрсетеді. Әуесқойлар лигасының алғашқы аймақтық іріктеу кезеңі алдағы мамыр айында басталады және бірнеше айға созылады. Ал финалдық кезең, яғни республика үздігін анықтайтын ойындар күзде болады.  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz