Қазақстанда соңғы үш жылда спорт инфрақұрылымының көлемі 7%-ға артты. 2025 жылы елде 147 спорт нысаны салынса, оның 107-сі ауылдық жерлерде бой көтерді. Ал 2029 жылға қарай халықты спорт инфрақұрылымымен қамту көрсеткішін 65%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі Мейрамғазы Сапарғалиев 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, соңғы жылдары спорт нысандарын салу кезінде ауылдық аймақтарға басымдық беріліп келеді. Өйткені елді мекендердегі ескі ғимараттардың бірқатары тозған және қазіргі талаптарға сай емес. Жаңа нысандардың қажеттілігі халық санына, өңірдің ерекшелігіне және қолданыстағы инфрақұрылымның жағдайына қарай анықталады.
Қазір еліміздегі халықтың 60%-ға жуығы спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 65%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. 2025 жылы салынған 147 спорт нысанының 107-сі ауылдық жерлерде орналасқан, – деді Мейрамғазы Сапарғалиев.
Алдағы уақытта жаңа спорт кешендерін салумен қатар, өңірлердің табиғи және климаттық ерекшеліктері де ескеріледі. Мәселен, солтүстік аймақтарда қысқы спорт түрлерін, оңтүстікте жазғы спортты, ал су ресурстары мол өңірлерде су спортын дамытуға басымдық беріледі. Қазір республика бойынша бассейндер салу және ескек есу спортын дамыту бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Комитет өкілінің мәліметінше, қазіргі уақытта 13 ірі спорт нысанының жобасы жоспарланған. Оның жетеуінде құрылыс жұмыстары басталған, қалған алты жобада жобалау және құжаттарды рәсімдеу кезеңі жүріп жатыр. Атап айтқанда, Жетісу және Абай облыстарында спорт кешендері мен стадиондар салу, Ұлытау облысында мұз айдындары мен бассейндер тұрғызу жұмыстары қарастырылған. Атырауда спортшылар даярлайтын мектеп-интернат-колледждің құрылысы да жүріп жатыр.
Инфрақұрылыммен қатар, спорт саласына қажетті мамандарды даярлау мәселесіне де назар аударылып отыр. Биыл Астанада Қазақ ұлттық спорт университеті жаңа кешенінде жұмысын бастады. Мұнда спорттық менеджмент, медицина және ғылым бағыттарын дамытуға қажетті мамандар даярлау көзделген.
Бүгінде спортта тек білек күшіне сену жеткіліксіз. Спорттық менеджментті, медицинаны, білім мен ғылымды қатар дамытуымыз керек. Адамның физиологиясынан бастап, тамақтануы мен физикалық жағдайына дейін зерттей алатын мамандар даярлау қажет, – деді комитеттің ресми өкілі.
Сұхбат барысында параспортшылардың жетістігі де сөз болды. Мейрамғазы Сапарғалиевтің айтуынша, жаңадан салынып жатқан спорт кешендері әртүрлі санаттағы спортшыларға қолайлы болуы үшін жобалау кезеңінен бастап тиісті талаптар ескеріледі. Оның сөзінше, биыл параспортшылар Азия ойындарында 12 алтын медаль жеңіп алған. Ал қысқы Паралимпиадада Ербол Хамитов спорттың екі түрінен алтын медаль иеленген.
Сонымен қатар 2028 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама беретін лицензиялық жарыстар басталған. Комитет өкілі қазақстандық спортшылардың алғашқы лицензияларды иелене бастағанын, оның ішінде нысана көздеу және стенд атудан нәтижелер бар екенін айтты.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #спортшылар #спорт нысандары #параспортшылар #жетістіктер
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz