Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысты

«Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ». Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Келелі кеңесте сөз алған Мемлекет басшысы алдымен Түркия Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен халықаралық аренадағы беделін арттырып келе жатқанын айрықша атап өтті. Содан соң, жаһандық геосаяси жағдайға тоқталып, халықаралық ұйымдар жайлы айтты. Қазақ басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы керек - деді. Сондай-ақ бүгінгі көшбасшылардың бойынан табылу керек қасиеттерді де атап өтті. Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп санаймын - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы айтқанда, барынша прагматикалық көзқарас ұстануымыз керек деп санаймын. Әйтпесе, алдағы уақытта да жолайрық, стратегиялық құндылықтар мен басқа мәселелер жайында айта береміз. Біз жаһандық, өңірлік кездесулер, конференциялар мен түрлі жиындар өткіземіз. Қазақстан және Түркия сияқты орта державалардың маңызы мен оң ықпалын атап өткім келеді. Әрине, әлемде бізге ешкім тең келмейді деп мақтанудан аулақпын. Бірақ жаһандық үдерістерде жоғары деңгейде жауапкершілік танытып жүрміз. Мұны дипломатиялық іс-әрекетіміз көрсетіп отыр. Сондықтан жаһандық мәселелердің шешіміне жиі қарсы келетін Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі державалардан гөрі орта державалардың жауапкершілігі жоғары десек, артық болмайды. 

Анталия форумында ғаламдық сауда-саттық та сөз болды. Сектордағы көрсеткіш көңіл көншітеді. Былтыр өсім 2,5 пайызды құрады. Яғни әлемдік саудадағы жағдай жаман емес. Алайда сауда-саттықтың сапасы мен мазмұны – үлкен проблема. Басқосуда қазақ басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған жаһандағы қақтығыс себеп екенін тілге тиек етті. Ең әуелі экономика құлдырады. Бүгінде Ормуз бұғазында кемелердің еркін жүзуіне қойылған тосқауыл туралы айтылып жатыр. Алайда дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн, - деді Мемлекет басшысы.