Президент спортшыларға: Жүзден жүйрік шықтыңыздар

Лос-Анджелес Олимпиадасына спортшылармен қатар құзырлы министрлік пен федерациялар қазірден бастап тыңғылықты дайындалуы керек.

Азия ойындарының жүлдегерлерін Ақордаға жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев саладағы жетістіктерді жіпке тізіп, жауаптыларға бірқатар міндет жүктеді. Артынша ұлт мерейін асырған спортшыларды құттықтап, мемлекеттік наградалармен марапаттады. Кездесуде Президент реформалардың табысты жүзеге асқанын тілге тиек етіп, жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы аясында салаға серпін беретін бірқатар нысан бой көтеретінін айтты.

Әлішер Әли, тілші:

- Сары құрлық бәсекесі ел спортшылары үшін сәтті аяқталды. Жерлестеріміз 84 жүлде еншілеп, жалпы есепте 8-орынға көтерілді. Ал параспортшылар 50 медальді қанжығаға байлады. Алыс-жақындағы ағайынды былғары қолғап шеберлері апырай дегізді. Әсіресе Айбек Оралбай мен Төрехан Сабырхан өз салмағында қарсылас шақ келтірмеді.

Аралас жекпе-жек шеберлері де ауылдағы ағайынның айызын қандырды. Құрыш білек, бекем белді жігіттеріміз 4 салмақтың үшеуінде жүлделі болды. Оның екеуі алтын.  

Таэквондошы қыз-жігіттеріміздің өнері де көпшілікті тәнтті етті. Темірлан Тілеулес ел тарихындағы алғашқы алтын медальді қоржынға салды. Ал каратэ шебері София Берульцева 4 жыл бұрынғы жетістігін қайталап, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанды.

Пара Азия ойындарында қоржынымыз 12 алтынмен апталып, 16 күміспен күптелді. Тағы 22 қоланы місе тұттық. Бұл ретте Еркін Ғаббасовтың еңбегі ерен. Құралайды көзге атқан мерген чемпион атанып қана қоймай, жарыстың жаңа рекордын орнатты. Сөйтіп, Лос-Анджелес Паралимпиада ойындарына жолдама алды.

Спортшылардың қай-қайсы болмасын жаһандық додада жанын салды. Сол ұлт мерейін асырған майталмандардың еңбегі елеусіз қалған жоқ, қалмайды да. Президент көк туды көкке көтерген өрендерді ұдайы қолдап келеді. Кейінгі бес жылда саланы дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалуы бұған дәлел. Мемлекеттік деңгейде басымдық берілетін спорт түрлерін айқындауы тағы бар. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл мемлекетіміз үшін шын мәнінде үлкен жетістік және зор мақтаныш. Баршаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты болсын деймін! Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар! Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмның айқын көрінісі деп санаймын. Тұтас халқымыз сіздерге қолдау көрсетті, жанкүйер болды. Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді, оларды мықты, күшті болуға үндейді және алға жетелейді. Бүгін осы мерейлі сәтте мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылардың жеңісті жолы елде болып жатқан түбегейлі өзгерістер рухымен терең үндесетінін айтып, алда атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталды. Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы аясында саланың дамуына серпін беретін бірқатар нысан бой көтереді. Мұны бүгін Президент айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бағдарлама аясында жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар бой көтереді. Қазақстанда әрбір баланың спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл әлеуметтік мәні терең міндет қана емес, осы міндеттің саяси мағынасы әлдеқайда маңызды. Еліміздің шалғай ауылдарында болашақ чемпиондар, яғни, жеңімпаздар өсіп келе жатыр. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалуға тиіс. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мақсаты да осы.

Келер жылы елордада бірқатар спорт түрінен әлем чемпионаттары ұйымдастырылады. Ал көктемде УЕФА-ның 51-конгресі өтеді. Президент салалық министрлік пен жауапты федерацияны, Үкімет пен Ұлттық олимпиада комитетін жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Мұнда спортшыларымыз ғана емес еліміздің абырой-беделі сынға түсетіні анық. Президент бұл жарыстардың бәрі ел имиджін арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды, әрі туризм мен отандық спорт мектебін дамытуға қызмет ететінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында допинг мәселесін де қаузады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл елордамызда Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігінің Конгресі өтеді. Қазақстан таза, допингсіз спортты ілгерілету, озық халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді енгізу үшін күш салуға әзір. Спорттағы адал бәсекелестік қағидаттары мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының негізіне айналған әділеттілік идеясына толығымен сай келеді.

Бұдан кейін Президент Азия ойындарының жүлдегерлерін марапаттады. Бірі Ақордаға алғаш аяқ басса, енді бірі кезекті марапатты кеудеге ілді.

Қазақ спортының мәртебесі биік, әлеуеті мол. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін осылай деп қорытындылап, бұдан да жоғары көрсеткіштерге ұмтылуымыз керек деді. Иә, төрткүл дүние түгел көз тігетін, төрт жылдықтың басты додасы да жақындап қалды. Президент Лос-Анджелес Олимпиадасына спортшылармен қатар тиісті министрлік пен федерациялар қазірден бастап тыңғылықты дайындалуы керек деген міндет жүктеді. 

Авторы Әлішер Әли

Сондай-ақ оқыңыз: