Қазақстандық банктер бизнеске несие беруді ұлғайтты
Қазақстандық банктер кәсіпкерлерге несие беруді ұлғайтты.
Бір жылда бизнеске берілген қарыз көлемі 14 пайызға өсіп, 16 триллион теңгеден асты. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді. Ең жоғары өсім шағын және орта бизнес саласында тіркелген. Кәсіпкерлер ұзақ мерзімді несиелерді де жиі ала бастаған. Олардың жалпы несие портфеліндегі үлесі 71 пайызға жуықтады. Жаңадан берілген несиелердің көлемі де артқан. Биыл тамыздағы дерек бойынша, кейінгі 12 айда бизнеске берілген жаңа несиелер көлемі алдыңғы жылдың кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға өскен. Кәсіпкерліктің барлық санатында оң динамика байқалады. Ұлттық банк басшысының айтуынша, бұған салық салу мен реттеу саласындағы өзгерістер де ықпал еткен. Атап айтқанда, банктердің мемлекеттік бағалы қағаздар мен Ұлттық банк ноталарына қаражат салуының тартымдылығын төмендететін шаралар қабылданған.
ҚАЗАҚСТАНДА БИЗНЕСТІ НЕСИЕЛЕУ
Несие көлемі - 16,4 трлн теңге
Бір жылдағы өсім - 14,2%
Шағын бизнес - 24,8% өсім
Орта бизнес - 15,4% өсім
Бизнеске берілген барлық несиенің 70,7%-ы - ұзақ мерзімді