Жидда қаласынан еліміздің 180 азаматы эвакуацияланды

Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағынан елге тағы 180 отандасымыз эвакуацияланды.

Бүгін таңғы сағат 05:00-де қазақстандықтар мінген ұшақ Сауд Арабиясының Жидда қаласынан Атырау халықаралық әуежайына қонды. Елге аман-есен келген отандастарымызды қарсы алуға өңірдегі әріптестеріміз де барды.

Эвакуациялық ұшақ Атыраудан Жиддаға кеше 16:00-де аттанған еді. Бүгін таңда, жоспарланған уақытта Атырау әуежайына жетті.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Біз қазір Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайының ұшу-қону алаңындамыз. Сағат таңғы 5. Жаңа ғана Сауд Арабиясының Жидда қаласынан эвакуациялық ұшақ келіп қонды. Қазір жолаушылар түсіріліп жатыр. 

Отандастарымыз Дохадан Эр-Рияд қаласына, Эр-Риядтан Жидда қаласына автобуспен 25 сағаттай жүріп келген. Жиддаға жеткеннен кейін сол жерден эвакуациялық ұшаққа отырып, Атырауға табан тіреді.

Гүлнұр Ботақанова, жолаушы:

- Қонақ үйде болған уақытта түрлі қорқынышты дауыстарды естідік. Ұялы телефонға шұғыл хабарлама келгенде, үрей күшейе түсті. 2-3 күн ішінде дереу шешім қабылданып, эвакуациялау жоспары дайындалды. Шөл даланы 25-30 сағат автобуспен жүріп өттік. Қазіргі қуанышты сәтіміз сол қиындықты ұмыттырды. Елге жеткенімізге қуаныштымыз. 

Жолаушылардың көбі Қатар мемлекетіне саяхаттап барған. Эвакуациялық ұшақпен келгендердің ішінде сол жақта білім алып жүрген студенттер де бар.

Олжасбек Жәкенов, жолаушы:

- Қорқыныш болды, әрине. Бірақ осылай елшілігіміз арқасында осылай келдік. Елге оралдық. 

Дүйсенгүл Маматаева, жолаушы:

- Дохаға демалуға барғам 10 күнге. 28 күні қайту керек еді. Енді қайтпай қалдық қой. Жүрек сездіреді ғой адамға. Жақсы боларын білдім. Қорыққан жоқпын. Эйр Астанаға, Елшілерге де, бәріне рақмет айтамын.

Отандастарымыз елге аман-есен оралғанына қуанышты. Эвакуациялау жұмыстарының дереу ұйымдастырылып, жедел шаралардың қабылданғанына риза. Атырауға жеткеннен кейін олар 2 сағаттан соң Алматы қаласына ұшып кетті.

Гүлжанат Рахатқызы, жолаушы:

- Шетелдегі өзінің қандастарына, отандастарына осындай үлкен көмек жасады. Өздеріңіз білесіздер, жақын Шығыста қандай ситуация болып жатқанын. Қазақстан Үкіметі осындай отандастарына көмек жасап жатқаны біз үшін үлкен мақтан. Үлкен рахмет, үлкен алғымызды айтамыз.

Гүлзипа Бегімбаева, жолаушы:

- Катарға демалуға барған едік. Содан аман-есен келдік. Балаларға рақмет өзіміздің Қазақстанның азаматтарына. Қатты қорықтық. Әр дүмпуде қорқып отырдық. Елге қалай жетер екенбіз деп. 

Атырауға бұған дейін, 3 наурыздан 4 наурызға қараған түнде Сауд Арабиясының Медина және Жидда қалаларынан 498 жолаушы жеткізілген еді. Олар сол күні Алматы және Астана қалаларына жеткізілді.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин