Талдықорғанда спорт және оңалту орталығы салынып жатыр

Талдықорғанда мүгедектігі бар жандарды оңалтуға арналған орталық пен спортқа баулитын кешен салынып жатыр. Аталған нысандардың тұтас аймақ үшін әлеуметтік тұрғыда маңызы зор, деп хабарлайды 24KZ.

Себебі Жетісу облысында ерекше күтімдегі 25 700-ден аса адам бар. Айта кетейік, салаға қатысты инфрақұрылымды дамыту мәселесіне мемлекет басшысы өзінің биылғы жолдауында айрықша назар аударған болатын.

Арлан Атейбеков пауэрлифтингтен және пара садақ атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Салынып жатқан кешенді көруге келген ол жақында ғана дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының басшысы болып тағайындалды.

Арлан Атейбеков, облыстық Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының басшысы:

– Қазіргі таңда бізде облыс бойынша 25 спорт түрі қарқынды дамуда. Осы орталығымыздың құрылысы аяқталғаннан кейін барлық спорт түрін осы орталықта шоғырландырамыз деген үміттеміз. Өзіміздің кешенде өзіміздің үйімізде деп айтсақ болады. Барлығын бір жерге біріктіріп, сапалы нәтижелі спортқа қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Қаратал өзенінің бойындағы оңалту орталығының жалпы аумағы 21 мың шаршы метр. Бес бөліктен тұратын ғимаратта бассейн, акт және спорт залы, жатын орындар, асхана мен тынығу бөлмелері қарастырылған. Құрылыс жұмыстары өткен жылдан бері кезең-кезеңмен жалғастырылып келеді.

Бейбіт Базархан, «AK Construction Company» ЖШС жұмыс жүргізушісі:

– Қазіргі таңда құрылыста 130 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмыстың 60 пайызы бітті. Кірпіш жұмыстары бітті. Шатыр жауып жатырмыз. Қалған жұмыс 2027 жылдың 30 наурызында бітеді.

Облыста тұратын мүгедектігі бар азаматтарға 17 мекемеде арнаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. «Заманауи орталық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді», – дейді сала жауаптылары.

Сәния Наурызбаева, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл енді іске қосылған кезде осындай азаматтарды арнаулы әлеуметтік көмекпен қамту 100 пайызға көтеріледі. Бұл орталықтың ерекшелігі бұл жерде заманауи жабдықталған жаңа құрал жабдықтар болады. Арнайы мамандар даярлаймыз. 150 адам күніне 3 айға дейін қызметтерді алып отырады. Бүгінгі күнде бізде мұндай орталық жоқ.

Қос ғимарат келесі жылы пайдалануға беріледі. Сол кезде мүгедектігі бар 25 700-ден аса адам дәрігердің ұсынысы негізінде ем дом алып, әрі тұрақты түрде спортпен шұғылдануға да мүмкіндік алады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ оқыңыз: