Бір әскери бөлімде бес жұп егіз қызмет етеді

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы

Алматыдағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде бес жұп егіз Отан алдындағы борышын өтеп жүр, деп хабарлайды «24KZ».   

Сырт келбеттері ұқсас болғанымен, әрқайсысының мінезі мен қызығушылығы әртүрлі. Оларды ортақ мақсат – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери міндетті абыроймен атқару біріктіреді.

Он сарбаз еліміздің әр өңірінен әскерге шақырылған. Олардың арасында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысып, қызмет барысында көзге түскен жауынгерлер де бар.

Ақтөбелік Аман мен Есен Байдуллаевтардың жасы 19-да. Аралары небәрі тоғыз минут. Бауырлар әскери қызметке тез бейімделіп, есірткі заттарын тасымалдаған азаматты ұстау операциясына қатысқан.

Қызылордалық Нұртөре мен Жантөре Нұрылда – 20 жаста. Бірі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, екіншісі фельдшер мамандығын меңгерген. Қазір екеуі де әскери борышын бір бөлімде өтеп жүр.

Түркістан облысынан шақырылған тағы бір жұп егіз – Аман мен Есен Сапаралылар. Олар халық әндері мен термелерді орындағанды ұнатады. Өнерге деген қызығушылық әкелерінен дарыған. Айта кетейік, сарбаздардың әкесінің де егіз інісі бар. Бауырлар 18 жасқа толған күннің ертеңінде әскерге аттанған.

Тараздық Нұрасыл мен Ерасыл Иашовтар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысады. Олар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарына атсалысып жүр. Сондай-ақ «Сарбаз 2.0» білім беру бағдарламасына өтініш берген.

Кентаулық Алмас пен Олжас Әбдуәлиевтер әскерге дейін Шымкенттегі «Мирас» университетінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық мамандығы бойынша білім алған. Болашақта ұстаздық жолды жалғастырып, жастарға әскери істің қыр-сырын үйретуді көздейді. Бір қызығы, олардың отбасында тағы бір жұп егіз бар.

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтауға да елеулі үлес қосып келеді. Жыл басынан бері олар 2,3 мыңнан астам тапсырманы орындап, патрульдік-бекеттік қызмет барысында 13 мыңнан астам құқық бұзушыны ішкі істер органдарына жеткізген. Олардың 300-і қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.

Қазіргі уақытта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге Ұлттық ұланның он мыңға жуық әскери қызметшісі жұмылдырылған. Күн сайын еліміздің 21 қаласында 7 мыңнан астам ұландық қызмет атқарады. Сонымен қатар 2 мыңнан астам әскери қызметші мемлекеттік маңызы бар нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қауіпсіздігін күзетеді.

Сондай-ақ оқыңыз: