Астанада нейрохирургтар бас пен көз ұяшығындағы ісікті қатар емдейді
Жанаргүл Ерғазықызы балаларға биден сабақ беретін хореограф. Аты жаман ауруға шалдыққан ол бірнеше жыл бұрын қалыпты өмірге қайта ораламын деп ойламады. Ковид пандемиясы кезінде дерт дендеп, көзі ұясынан шығып кеткен. 4 жыл бойы көз жанарын емдеп, ісіктің бетін қайтаратын маман таппай қиналған, деп хабарлайды 24KZ.
Жанаргүл Макина, Павлодар облысының тұрғыны:
– Мен 4 жыл бойы дәрігер іздедім. Алдымен Алматыда жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде бетіме, кейін мұрын тұсына бірнеше операция жасалды. Сосын Астанадағы Онкология орталығына жіберді. Өйткені көзім өз ұяшығынан шығып, басым ауыратын болды. Астанада баламмен құрдас жап-жас нейрохирург консультация өткізді. Басында бұл қалай болар деп сескенгенім рас. Бірақ дәрігер бәрін түсіндірді. Мені шұғыл емге жіберіп, 13 сағаттық операция жасалды. Бәрі квотамен тегін өткізілді. Операция кезінде бірде-бір жүйке талшығы зақымданбады. Көзім көреді. Осыдан кейін өмірім түбегейлі өзгерді.
Бас сүйегі мен көз ұяшығының ісігін бір мезетте емдеу – отандық нейрохирургтардың үлкен жетістігі. Бірегей технология Астанадағы Президенттік іс басқармасына қарасты медициналық орталықта қолданылады. Клиника әр өңірден ауруы асқынып келген науқастарды қабылдайды.
Абылай Серікбай, ҚР Президентінің іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасы нейрохирург дәрігері:
– Бұл - бас сүйегінде пайда болатын ісіктер. Ол бесінші дәрежедегі ең күрделі онкологияға жатады. Ісіктің бірнеше жерде пайда болуы жағдайды күрделендіре түседі. Әдетте оны емдеуге бірнеше маман жұмылдырылады. Біздің ауруханада бұл ісіктерді бір уақытта алып тастауға мүмкіндік бар. Біз миды басып тұрған ісікпен қатар көз орбитасын қысып тұрған компонентті де алып тастаймыз. Кесілген жерлерде үлкен тыртық қалмау үшін бірден пластикалық операциялар жасаймыз.
Орталық бұл әдісті 2018 жылдан бері қолданады. Осы аралықта 10-шақты күрделі операция жасалған. Ақ халаттылар бұл тәжірибені халықаралық форумдарда жиі баяндайды. Айтуларынша, бірегей технологияға шетелдік, соның ішінде қытайлық дәрігерлер қызығушылық танытқан.
Талғат Ермеков, ҚР Президентінің іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасы нейрохирург дәрігері:
– Бізде гибридті операция жасау бөлмесінде үлкен ісіктерді алып тастау бойынша кешенді ем-дом жүргізіледі. Бұл өте ұзақ жасалатын операция. Өйткені бас сүйегі мен көз ұяшығындағы ісіктерді алғанда, көздің жүйке талшықтарын сақтап қалу керек. Сондай-ақ мұндай ісіктер көп жағдайда ұйқы артериясына жақын орналасады. Егер операция дұрыс жасалмаса, жүйке талшықтары зақымдалып, миға қан құйылуы мүмкін.
Кез келген жағдайда адамның өмір сүру сапасын сақтап қалу маңызды. Ақ халаттылар осы қағиданы әрдайым қаперге алады. Бастысы – уақыт жоғалтпай, дер кезінде аурудың бетін қайтару.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Сания Бақытжамал