Жаңа Конституция — саяси жүйені жаңғырту

Қазақстандағы жаңа конституция жобасы елдегі ішкі жағдайға ғана емес, сыртқы саяси бағдарға да оң әсер етеді.

Әсіресе Орталық Азия үшін маңызы зор. Өзбекстанның саяси сарапшылары осындай пікірде. Олар Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары жинақтаған саяси тәжірибесі мен жаңа бастамалары қоғамның дамуына тың серпіліс береріне сенімді. 

Өзбекстан Қазақстанның жақын көршісі және сенімді серіктесі ретінде республикада жүргізіліп жатқан реформаларды мұқият бақылап отырады. Сарапшылардың пайымынша, бір палаталы Парламент моделіне көшу өте маңызды шешім. Атап айтқанда, бұл заң жобаларын сапалы саралап, оларды өз уақытында қабылдау механизмін жүйелемек. 

Равшан Назаров, саясаттанушы:

- Тағы бір маңызды мәселе - вице-президент лауазымын енгізу.  Мұндай тәжірибе АҚШ, Мексика, Үндістан сияқты ірі елдерде бар. Вице-президент институты өтпелі кезеңдерде саяси сабақтастық пен теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, бұл өте маңызды саяси қадам.  Бұл күрделі реформа. Сондықтан оған аса жоғары жауапкершілікпен қарап, оны қоғам талқысына салу орынды.

Өзбекстандық сарапшылар Парламентті Құрылтай деп атауға қатысты өз ойларын білдірді. «Құрылтай» сөзі түркі халықтарының арасында терең тарихи маңызға ие. Осы ретте Қазақстан ежелгі және ортағасырлық ұлттық мемлекеттілік пен тарихи сабақтастықтың жарқын үлгісін көрсетіп отырғанын айтты. 

Абдулла Абдукадыров, Президент жанындағы стратегиялық реформалар агенттігі директорының орынбасары:

- Парламент консультативті кеңес мүшелерінің пікіріне құлақ асуы мүмкін -деген бастама өте маңызды дер едім. Себебі тәжірибелі сарапшылар мен депутаттар бірін бірі шыңдай отыра, билік тармағының кәсібилігін арттырады. Жалпы айтқанда бұл  бастамалардың барлығы халықтың игілігі жолында жасалып отыр. Күшті президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет формуласына толықтай сәйкес келеді. 

Өзбекстанның саяси сарапшылары жаңа конституция жобасы билік тармақтарының кәсібилігін арттырып, парламенттің ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді, деп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, теңгерімді билік моделін қалыптастыруға жол ашады-дейді олар. 

Дулат Нуркин