Түркияда қонақүйге сұраныс азайды

Таяу Шығыстағы шиеленіс Түркияның Иранмен шекаралас жатқан Ван қаласының экономикалық жағдайына кері әсерін тигізді.

Иран азаматтарына Түркия аймағына өтуге тыйым салынғаннан кейін қонақүйге сұраныс күрт төмендеді. Бұл жергілікті кәсіпкерлердің қаржылық жағдайын қиындатып отыр.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркия Сауда министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, Тегеранмен үш шекаралық пунктте Иран азаматтарын аймаққа өткізу уақытша тоқтатылды. 

Алайда жүк тасымалы қатаң бақылаумен жалғасып жатыр. Ван қаласы Тегеран шекарасынан 300 шақырым жерде орналасқан. Өңір нарығының шамамен 70%-ы Иранға тәуелді. Былтыр шаһарға бұл елден шамамен 770 мың турист келсе, биыл осы көрсеткішті 1 миллионға жеткізу жоспарланған. Алайда Ирандағы шиеленістен кейін туристер саны азайып кетті. Кейінгі мәліметке қарағанда, қонақүйлердегі туристер саны әдеттегі деңгейден 5 %-ға дейін төмендеді. Наурыз мерекесі қарсаңында жоспарланған алдын ала брондау тоқтатылған. Бұл жағдай жергілікті кәсіпкерлер мен өңірдің туризм саласына экономикалық едәуір шығын келтіріп жатыр. 

Сарапшылар шиеленіс ұзаққа созылса, аймақ экономикасына кері әсері көбейіп, сауда мен туристік белсенділіктің қалпына келуіне кедергі келтіруі мүмкін дейді. Түркия билігі шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін түрлі шараларды қолға алып жатыр. Қазір тексеру-өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілген.

Ә.Нұрлыбаева