Мемлекет басшысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповты қабылдады

Былтыр «Қазатомөнеркәсіп» холдингі 26 мың тоннаға жуық уран өндірді. Соның ішінде компанияға 13,5 мың тоннасы тиесілі.

Бұл туралы Президенттің қабылдауында болған «Қазатомөнеркәсіп» басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов мәлімдеді. Оның айтуынша, сауда-саттық 11 пайызға өсіп, 18,5 мың тонна болды. Енді геологиялық барлау қарқын алды. Жалпы ауданы 1 мың шаршы шақырымнан асатын алты жаңа перспективалы уран учаскесі анықталды. Ал 2030 жылға дейін геологиялық барлауға жоспарланған инвестициялардың жалпы көлемі 75-85 миллиард теңгені құрайды. Уран өндіруші өңірлерді әлеуметтік қолдау туралы ақпарат ұсынылды. Мәселен, былтыр облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына 11 миллиард теңгеден аса қаражат бөлді. Мемлекет басшысы ресурстық базаны одан әрі дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.