Елімде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын – Мемлекет басшысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді. Тараптар қос ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растап, «Орталық Азия – Германия» форматы аясында белсенді байланыс қарқынын сақтауға уағдаласты.
Президент пен Канцлердің келіссөзі екі ел делегациясы мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Келіссөз барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне баса мән берілді. Сонымен қатар тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты кеңейту, соның ішінде білім мен ғылым саласында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды. Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Фридрих Мерцті елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Артынша Президент Канцлермен бірге брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Журналистер келер жылы Германия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын еске салып, Президенттен осы уақыт аралығында жүріп өткен жолымызды және мемлекетаралық қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын қалай бағалайтынын сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жолды жүрген адам ғана еңсереді. Біз біршама қиын жолдан өттік және үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Германия, өздеріңіз білетіндей, біздің елімізде үлкен құрметке ие. Біз бұл елді жақсы көреміз және құрметтейміз, оның жетістіктерін, ең алдымен экономика саласындағы, сондай-ақ басқа да бағыттардағы жетістіктерін лайықты бағалаймыз. Германия – халықаралық аренада беделі өте жоғары мемлекет. Сондықтан мен бұл елге үлкен үмітпен, жаңа келісімдерге қол жеткіземіз деген зор сеніммен келдім. Біз бұл келісімдерге қол жеткіздік, ендігі міндет – оларды тиісті деңгейде жүзеге асыру және орындау.
Журналист:
- Омбыда Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен кездесуде соғысты тоқтатып, әскери қимылдарды «мұздату» туралы айттыңыз. Бірақ әзірге бұл жүзеге асып жатқан жоқ. Ресейдегі қазіргі жағдайды ескере отырып, бұған не айтар едіңіз?
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен Президент Путинге осы мәселе бойынша өзімнің жеке ұстанымымды үлкен түсіністікпен қабылдағаны үшін алғыс айтамын. Өйткені бәріміз, мемлекет басшылары, соның ішінде Ресей Президенті де, Украина аумағындағы әскери қимылдарды тоқтатуды қолдаймыз. Әрине, Украинада болып жатқан жағдайдың бәрімізді алаңдататыны сөзсіз. Бастапқы кезден-ақ Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының талаптарын ұстанатынын айттым. Біз барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын құрметтеуді және сақтауды талап етеміз. Украина аумағында не болып жатқанына қарамастан, біз Ресей де, Украина да біздің жақсы достарымыз екенін әрдайым есте ұстаймыз. Ресейге қатысты бір нәрсені ұмытпауымыз керек: Қазақстан мен Ресей арасында ұзындығы 7597 шақырым болатын ортақ шекара бар – бұл әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара. Бұл осы елмен достық қарым-қатынасты дамытуға әсер ететін фактор емес пе? Сондықтан мен Президент ретінде өз елімде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Сонымен қатар Қазақстанға көршілес аумақта бейбітшілік орнатып, соғысты тоқтатуға өз үлесімізді қосуға тырысамын.