Ұлттық құрама Азия біріншілігінде күміс алды
Қазақстандық дзюдошылар Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында күміс жүлдені қанжығаға байлады.
Жарыс бағдарламасының соңғы күні аралас командалар арасында сайыс өтті. Финалда Қазақстан құрамасы Моңғолияға 0:4 есебімен жол берді. Бұл кездесуге Дана Әбдірова, Әнуар Жұмагелдин, Аида Тойшыбекова және Ғалымжан Қырықбай қатысты. Осылайша, ұлттық құрама құрлық біріншілігін 6 жүлдемен аяқтады. Бұған дейін 81 келіге дейін Әділет Алмат алтын медаль жеңіп алған болатын. Ал Эсмигүл Куюлова, Абылайхан Жұбаназар, Айдар Арапов және Аруна Жангельдина қоланы місе тұтты.