Қарағандыда ауа сапасын бақылайтын жаңа жүйе іске қосылды

Қарағандыда ауа сапасын тәуелсіз бақылайтын жаңа жүйе енгізілді. Заманауи жүйе экологиялық ахуал туралы мәліметті дер кезінде беріп отырады, деп хабарлайды 24KZ.

 Жалпы облыста ауаның шамадан тыс ластану жағдайы жиілеп кеткен. Жыл басынан бері 232 дерек тіркелді. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қарағанды елдегі ауасы лас қалалардың қатарына енді.

Жылыту маусымы басталғаны сол еді, тұрғындар түтін мен ыстың иісін сезе бастады. Пешпен жылытылатын үйлерден шығатын түтін өз алдына, оған өнеркәсіптік қалдықтар қосылды. Ауа сапасын бақылайтын халықаралық IQAir технологиялық компаниясының мәліметінше, 2024 жылы Қарағанды әлемдегі ауасы ең лас үш қаланың қатарына енген. Ал 2025 жылы 26-шы орында тұрды.

Қалада тоғыз ай ішінде атмосфералық ауаның шамадан тыс ластануының 232 жағдайы тіркелді. Ал Қазгидрометтің мәліметінше, қыркүйек айында Қарағанды еліміздегі ауасы өте нашар қалалардың көш басына шыққан.

Лариса Левченко, экология департаментінің бөлім басшысы:

– Биыл 9 ай ішінде департамент мамандары ауадан 4 000 сынама алып, 900-ден астам зерттеу жүргізді. Анықталған өзгерістер бойынша бақылау іс-шаралары ұйымдастырылды. Сынама қорытындылары тиісті органдарға жөнелтілді.

Қазір қалада ауа сапасы тәуелсіз мониторинг жүйесі арқылы күнделікті тексеріледі. Ол үшін қаланың әр бөлігінде 12 датчик орнатылды. Мынадай құрылғылар зиянды заттардың, соның ішінде шаң мен күйе концентрациясын нақты уақыт режимінде өлшейді. Көпшілік ауа сапасы туралы ақпаратты арнайы онлайн картадан көре алады. Жоба Қарағанды облыстық экологиялық музейі қызметкерлерінің қатысуымен жүзеге асты.

Дмитрий Калмыков, эколог:

– Датчиктер ауаның ластануының ең қауіпті құрамдас бөлігін – диаметрі небәрі 2,5 микрон болатын шаң бөлшектерін өлшейді. Бұл шаңның қауіптілігі сонда. Олар ауада ұзақ уақыт бойы қалқып жүреді, жерге оңай шөкпейді. Сондықтан ауамен бірге үнемі тынысымызға тартамыз. Оның үстіне, бұл зиянды заттар өкпенің терең бөлігіне дейін еніп, тіпті қан айналым жүйесіне өтуі мүмкін.

Ауаның ластану мәселесі еліміздің басқа өңірлерінде де өзекті. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қазгидромет Астананы да ауасы ластанған қалалардың қатарына қосты. Алматы, Павлодар және Петропавл қалаларында да қолайсыз экологиялық жағдай байқалған. Мамандар еліміздің 69 елді мекенінде ауа сапасын тексерді. Соның 27-сінде ластану деңгейі жоғары, ал жетеуінде шектен тыс жоғары болған.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев

Сондай-ақ оқыңыз: