Трамп Иранмен бітім мерзімін ұзартты
АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін түнде мерзімі аяқталатын Иранмен арадағы 2 апталық оқ атпау режимін ұзартты.
Ол бұл туралы «Тру Соушәл» әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді. Трамп жазбасын «Бәріңізді құттықтаймын!» деп бастап, «Пәкістан фельдмаршалы Асим Мунир мен Премьер-министрі Шехбаз Шарифтің өтінішіне құлақ асқанын» жеткізді. Сонымен қатар Ақ үй басшысы Тегеран тарапынан ұсыныстар күтетінін хабарлаған.
Иран АҚШ блокадасына тойтарыс береді
Иран да ай қарап отырған жоқ. Елдің Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арагчи АҚШ-тың Иран порттарын қоршауы «соғыс актісі және бұл атысты тоқтату режимін бұзу» деп айыптады. Ол «Иран тосқауылдарға қалай тойтарыс беру, ел мүддесін қорғау және үркітіп-қорқытуға қалай қарсы тұру керектігін жақсы біледі», - деп жазған. Иран Парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибафтың кеңесшісі Мехди Мохаммади де АҚШ-тың блокадасына қарулы қарымта жасау қажет» деп қайырды. Ол «Трамптың оқ атуды тоқтату режимін ұзарту мәлімдемесінің еш мәні жоқ. Жеңілген тарап шарт қоя алмайды. Трамп уақыт ұтқысы келіп отыр. Иранның тізгінді өз қолына алатын мезгілі жетті» деп жазды.